Русский Сайттың толық нұсқасы

Асылжан Мамытбеков: Киіктердің жаппай қырылу себебі сол қалпы анықталмауы да мүмкін

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2015
  • 1482

Киіктердің жаппай қырылу себебі сол қалпы анықталмай қалуы да мүмкін. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, 1988 жылы 500 мыңға жуық киік қырылған, алайда ол кезде де жануарлар өлімінің себептері белгісіз күйде қалды.

Десе де, министр шетелдік сарапшылардың қажетті тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, қазір ғылыми зерттеу институттарының мамандары судың және ауа мен шөптің сынамаларын алып, тиесілі зертханалық байқаудан өткізіп жатыр. 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Әлі жауап жоқ, мұндай қырғындар бұрын да болған. Сіздер білетіндей 80-жылдары қырғын 500 мыңға дейін жеткен. Бірақ әлі де сол уақыттан бері ол қырғын неге болды деген сұраққа жауап жоқ.

Министр киіктердің қырылуына гептилдің қатысы болуы мүмкін деген жорамалды да жоққа шығарды. Айтуынша, ресейлік зымыранның апатқа ұшыраған уақыты мен киіктің қырыла бастаған күні әр түрлі уақытта болған. Жұрт арасында «жануарлардың қырылуына «гептил» себеп болғанын біле тұра, билік Ресейге жалтақтап, нақты себепті айтпай отыр деген қауесет тараған. Қорқып отырған ешкім жоқ. Бұл шындыққа жанаспайды», - деді Асылжан Мамытбеков. 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Мысалы, «Протонның» түскен датасы 15-і күні, ал біздегі қырғын басталғаны 10-ы күні. Бұл да сәйкес келмей тұр. Сондықтан біз бұл жерде, кейбіреулер айтып жатыр, біз аузымызға құм салып қойып, Ресейден қорқып, бұл версияны айтпай отыр, деп. Қорқатын ештеңеміз жоқ. Біз бұл жерде толық зерттеп жатырмыз. Ғалымдар, эксперттер, әртүрлі версияларды тексеріп жатыр. Егер шығатын версия болса, әрине, оны жариялайтын боламыз.

Жұрағат БАМАН