Русский Сайттың толық нұсқасы

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң жобасы 50 пайызға дейін жаңарған

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2015
  • 1070

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның жаңа жобасы 50 пайызға дейін жетілдірілді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы жанындағы шағын және орта бизнесті қолдау бойынша сарапшы тобының отырысында белгілі болды.

Жиынға қатысушылар жаңа құжатқа қатысты нақты ұсыныстарымен бөлісті. Нұротандықтар «мемлекеттік сатып алулар» барынша ашық болу үшін «заң жобасына» барлық процестерді электронды форматқа ауыстыруды ұсынып отыр. Сондай-ақ, бас мердігерлер кем дегенде жұмыстың 50 пайызын өздері істеуі керек деген норма енгізбекші. Бұл делдал компанияларды қысқартуға септігін тигізеді, - дейді партия өкілдері.

Сондай-ақ тендерге өте төмен баға ұсынған компанияларды қатыстырмау жайы қаралмақ. Өйткені өз құнынан 3-4 есе арзан бағаға ешқандай сапалы зат ала алмайсың, нысан тұрғыза алмайсың, - дейді жиналғандар. Ал, мемлекеттік сатып алуда «сыбайлас жемқорлықты жою» үшін тендерлік байқаулардың әр сатысына қоғамдық бақылауды қатыстыру ұсынылып отыр. Аталмыш шаралар «Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа қарсы бағдарламасының аясында қабылданған.

Құмар Ақсақалов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Мемлекеттік сатып алу саласы - ең жемқорлыққа батқан салалардың бірі. Бұл мәселе партияның түрлі жиындарында айтылып және талқыланып келеді. Аймақтағы әріптестерімізден де көптеген ескертпелер келіп түсуде. Мемлекет басшысы тапсырмасына орай, осы бағыттағы партияның, әсіресе Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының белсенді жұмысы нәтижесінде 50 пайызға жаңарған «Мемлекеттік сатып алулар туралы» жаңа заң жобасы құрастырылды.

Берік ХАСЕНОВ