Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Астанада шаң-тозаң мен желдің азайғаны байқалады

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2015
  • 2229

Астанада шаң-тозаң мен желдің анағұрлым азайғаны байқалады. Оған елорданы қоршай өсіп келе жатқан «Астана орманы» жасыл белдеуі оң ықпал етуде», - деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгін Астана айналасын қоршап тұрған жасыл белдеуді әуеден тікұшақпен шолып шыққан Елбасы орманды алқапты қалыптастыру және дамыту жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы дәстүр бойынша қырғауыл ұшыру шарасына қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, елорданың маңына орман отырғызайық деген бастама көтерілген тұста, көпшілік азаматтар оның болашағына күмәнмен қараған. Сарыарқаның сазды даласына орман өспейді, деген пікір білдірген көрінеді. Алайда, соған қарамастан, ғалымдармен ақылдасып, жасыл белдеу жобасы қолға алынған.

Он жеті жылдың ішінде осы аумақ жайқалып өсіп тұрған ну орманға айналды. Қазірдің өзінде бас қаланың төңірегінде дәл осындай жасыл желек 70 мың гектарға жетті. Оның 12 мың гектардайы - шаһардың ішінде. Қазіргі алға қойған мақсат - 2020 жылға дейін орманды 100 мың гектарға жеткізу. Осыған байланысты Мемлекет басшысы орман шаруашылығы еңбеккерлеріне, ғалымдарға қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдірді. Бір айта кетерлігі, болашақта осы орманды алқап астаналықтардың демалыс орнына айналуы мүмкін. Ол үшін тиісті инфрақұрылым тарту да жоспарда бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір мынаны сұрап жатыр - 10 гектардан, 5 гектардан берсеңіздер деп. Ресторан саламыз, ананы саламыз, мынаны саламыз деп. Қожасы болу керек, мүмкін, солай да болған шығар. Велосипедпен жүретін, қыдыратын, серуендейтін жер болады, ішін жақсартып, жүретін жолдар жасаймыз. Жоқ болып кеткен жануарлар қайта келіп жатыр. Тың жерлерді игереміз деп, бәрін жыртып тастап, қоян да, қырғауылдар да жоқ болып кеткен. Орманда арнайы жеміс-жидек ағаштары отырғызылып жатыр. Осының барлығы халықтың игілігі үшін.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ