Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Діни сенім-наным төңірегіндегі пікір алуандығына саясаттың араласуы - дін атымен жүріп жатқан қарулы қақтығыстарға алып келді

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2015
  • 2926

Діни наным-сенім төңірегіндегі пікір алуандығына саясатты араластыру - дін атымен жүріп жатқан қарулы қақтығыстарға алып келді. Бүгін Астанада жұмысын бастаған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші съезінің алғашқы отырысында Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дін және саясат көшбасшыларын діни экстремизм деген қате түсініктің аражігін бірлесе ажыратуға шақырды. «Бейбітшілік пен даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» ұранымен өтіп жатқан дәстүрлі жиынға биыл дінбасыларымен қатар кей мемлекеттердің басшылары, көрнекті саяси қайраткерлер жиналды. «Жиынға БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның келуі - әлемдік қауымдастықтың астаналық рухани форумға берген жоғары бағасы», - деді Елбасы. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен дінаралық диалог алаңынан Азамат Алдоңғаров тарқатады.


Бесінші  астаналақ рухани форумға биыл әлемдік қауымдастықтың назары ерек. Әлемнің 44 мемлекетіне шақырту жолданып, оның қырықтан астамынан 80 делегация келді. Бұл 2012 жылдың жиынынан едәуір көп. Араға үш салып, дін аман жүздескен құрметті меймандарымен Мемлекет басшысы өзі жағалай амандасып, есендік сұрасты.

Биылғы дінбасылар съезінің сипаты да бөлек. «Рухани форумнан рухани-саяси диалог алаңына түрленген жиынға биыл бірнеше мемлекет басшылары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшыларының келуі - съездің салмақ қоса түскенінің нышаны», - деді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Съезд жұмысына алғашқы рет БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза қатысып отыр. Шын жүректен сізге қош келдіңіз деймін. Сіздің бүгін біздің арамызда отыруыңыз - әлемдік қауымдастықтың Астанадағы рухани лидерлер диалогының маңыздылығына берген бағасы деуге болады.

Әлемдік дінбасыларының соңғы съезін еске алсақ, 2012-ның мамырында өткен жиынның ұраны да мамыражай еді - «Бейбітшілік және келісім - адамзаттың таңдауы». Ал енді бүгінгі әлемдік саяси ахуалды ескере отырып, съезд кеңесі дінді жалау еткен терроризмді тек дін қайраткерлерінің күшімен тоқтату мүмкін емес екендігін түсінгендей. Нұрсұлтан Назарбаев құр диалогтан қатыгездікті айыптайтын нақ байлам, нақ пәтуә қажет екендігін алға тартты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мың жылдық тарих, теологиялық дискуссиялар саясаткерлердің қақтығыс, соғыс құралына айналмас бұрын, тек сөз жүзіндегі дау еді. «Ислам мемлекеті» аталып жүрген жаһандық терроризм формасы да қатерін өршітуде. Жаһандық желіні пайдалана отырып, өз қатарына әр түрлі мемлекеттердің азаматтарын баулып отыр. Жалған дін жамылып, содырлар жантүршігерлік жаппай жазалау әрекеттерін жасап жатыр. Менің ойымша, біз бірігіп, осындай бассыздыққа қарсы ортақ пікірге келуіміз керек.

Қазақстан басшысының ойы Пан Ги Мунның сөзінен жалғасын тапты. Дінді саяси бетперде еткен топтардың өз жымысқы мүдделеріне жетуде тіпті әйел, бала-шағаны қалқан ететін ұйымдарды сынаған Бас хатшы да діни және саяси мүдделерді ажыратып алуға үндеді.

Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы:

Дін зорлыққа үндемейді, дін адамдарды өлтіруге шақырмайды. Қазіргі қатыгездік - бұл діннің ісі емес, жеке индивидуумдардың ісі. Олар өздерінің көмескі әрекеттерін дінмен көмкеріп отыр.

Саясаткер сондай-ақ экстремизм, терроризм проблемасын шешпек үшін демократиялық және іргелі бостандық принциптеріне жол беру керектігін әлемнің саяси лидерлеріне құлаққағыс етті.

Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы:

Лидерлер мен саяси шешімдер қабылдайтын тұлғалар осынау маңызды шындықты мойындаулары керек. Демократия мен іргелі бостандық үшін кеңістік ашылған сайын, экстремизм мен зорлық-зомбылық мүмкіндіктері тарыла түседі.

Осы тұстан Бас хатшы мен Қазақстан басшысының пікірлері тоғысқандай. Форумның екі күндік жұмыс қорытындысы бойынша қабылданатын үндеуде Назарбаев бес негізгі мақсатқа назар аударады. Әлемдік лидерлерді бітімге келіп, қаруды тастауға шақырған Елбасы жалпы кез-келген саяси қайшылықты қару таянып шешуге қарсы. Биылғы жиынның бір ерекшелігі сол - съезд ұлы державаларды санкциялық тартыстардан да бас тартуға үндеп, экономикаға да көңіл бөлмек. Бұл форумның 12 жылдық тарихында түрленуі. Түске дейінгі кеңейтілген отырыс бірлескен фотосессиямен түйінделді.

Ал түстен кейін діни және саяси лидерлердің адамзат алдындағы жауапкершілігі және діннің жастарға әсерін талқыға салған қос секция өтті. Ал ертең үшжылдық жиынның қорытындысы жасалады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ