Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2015
  • 1456

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы талқыланды және ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдары қарастырылды. Қазақстан Президенті Ұлттар Ұйымы жетекшісінің съезд жұмысына қатысуы іс-шараның маңызын айтарлықтай арттыра түсетініне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіз экономика мен саясатқа, конфессияаралық мәселелерге қатысты алмағайып кезең орын алған қазіргі шақтағы жұмысбастылығыңызға, БҰҰ-ның 70 жылдығына дайындық жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, біздің елімізге келіп отырсыз. Сонымен қатар, сіз ядролық полигонды жабу жөніндегі бастамамызды қолдадыңыз. 29 тамыз ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтіледі. Қазақстан бүгінгідей форумдар өткізу арқылы жер бетінде бейбітшілік орнату ісіне өз үлесін қосып келеді деп есептеймін.

Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:

Сіздің көрегендігіңізді және қазір аса маңызды болып отырған осы съезді шақыру жөніндегі бастамаңызды лайықты бағалауға тиіспін. Сіз бұл бастаманы 15 жыл бұрын, жағдай қазіргіден мүлде басқаша болған тұста көтердіңіз. Бүгінде бүкіл әлем діни экстремизмнен және лаңкестіктен зардап шегіп жатқанда, өшпенділікке қарсы тұруға шақырған діни көшбасшылардың қатары көбейгені және үні баршаға жетерліктей болғаны қажет.

Сонымен қатар, мәртебелі мейман Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен бірге БҰҰ-ның Қазақстандағы жаңа ғимаратының салтанатты ашылуына қатысты. Рәсімде сөйлеген сөзінде Пан Ги Мун Ұлттар Ұйымына үлкен қолдау көрсетiп отырған Қазақстанға алғысын бiлдiрдi.

Өз кезегiнде Сыртқы iстер министрi Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, жаңа ғимараттың ашылуы - Қазақстан Үкiметi мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкiлдiгiнiң ұзақмерзiмдi, тиянақты әрi жемiстi әрiптестiгiнiң нәтижесi. Сондай-ақ іс-шара шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Бас хатшыға университеттің «Құрметті доктор» дәрежесін табыстады және Әл-Фараби атындағы алтын медаль тағып, шапан жапты.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ




УМ