Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде облыс әкімдері ауысты

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2017
  • 2970

Бүгін бірқатар аймақтарда әкімдер ауысты. Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің жаңа басшысын халыққа таныстырды. Сонымен, Қарағанды облысының әкімі болып, бұған дейін Премьер-министр кеңсесінің басшысы қызметін атқарған Ерлан Қошанов тағайындалды. Кеншілер аймағын 3 жылға жуық уақыт басқарып келген Нұрмұхамбет Әбдібеков республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Мұнан соң Президент Ақмола облысына барды. Президент іс басқарушысының бірінші орынбасары болып қызмет еткен Мәлік Мырзалин аймақ басшылығына тағайындалды. Кадрлық ауыс-түйіс Солтүстік Қазақстан облысында да орын алды. Қызылжар өңірін Құмар Ақсақалов басқаратын болды. Ол Президент аппаратында қызмет еткен. Жаңа әкімді аймақ халқына Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков таныстырды. Өңірді бұған дейін басқарған Ерік Сұлтанов басқа қызметке ауысуына байланысты орнынан босатылды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Құрметті жиналған қауым, Елбасымызға алғысымды білдіремін. Осы отырған азаматтардың біразымен таныспын. Сондықтан алға қойған Елбасының мақсаттарын адал қызмет етіп, бірге мақсатқа жетуге дайынмын.

Маңғыстау облысының әкімі болып Ералы Тоғжанов тағайындалды. Өңірге жұмыс сапарымен барған премьер-министр Бақытжан Сағынтаев оны облыс халқына таныстырды.  53 жастағы шенеунік бұған дейін Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары  қызметін атқарған.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы осындай үлкен сенім білдіріп, өздеріңіздің орталарыңызға жіберіп отыр. Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған халықтың әлеуметтік,  экономикалық сұрақтарын шешуге бағытталған жұмыстарды бірге шешеміз деген уәдемізді айтуға рұқсат етіңіздер.