Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда көпірлердің жағдайы сын көтермейді

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2015
  • 1208

Оралда көпірлердің жағдайы сын көтермейді. Әсіресе, шаһарға кіре берістегі Жайық пен Шаған өзендерінің үстімен өтетін өткел шұрық-тесік. Тіпті, онда төселген бетон плиталардың жігі ажырап, темір сымдары шығып кеткен. Шұқанағы көп бұл көпірде көлік түгілі, жаяу жүргіншілер әрең жүреді. Жүйкесі жұқарған жүргізушілер темір тұлпарларының жиі сынатынын айтып, шағымдануда. Олардың айтуынша, көпірдің жөндеу көрмегеніне жарты ғасырға жуықтаған.

Әлібек Бақытжанұлы, көлік жүргізушісі:

Осы көпірмен күнде жүреміз. Жұмысқа барамыз, келеміз. Жүру дейтін күннен күнге нашарлап бара жатыр. Көпірдің үсті ашылып бара жатыр. Сымдары шығып, арматурлары шығып бара жатыр. Сол енді, оңдаса деген ойымыз бар...

Бұдан бөлек, қалаішілік өткелдердің де жағдайы мәз емес. Қазір олардың бүлінген темір қоршаулары қайта бекітілуде. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі осы нысандардың жағдайын арнайы комиссия тексеріп, зерттегенін алға тартады. Комиссия көпірдің жағдайы «қанағаттанарлық» деген ұйғарымға келген. Сондықтан жөндеу ісінің қашан басталары беймәлім. Белгілісі бұл көпірлер жер қойнауын пайдаланушы шетелдік компаниялардың әлеуметтік төлемдері есебінен қаржыландырылады.

Ержан Әубәкіров, Орал қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

Биылғы жобалау-сметалық құжаттамасы түзету өткізіліп, осы көпірдің жөндеу жұмыстарына енгізілді. Оны  бастайтын уақытын қазір  айта алмаймыз. Қанша соммасы оны біз қазір сізге ақпарат бере алмаймыз.

Еркін КАРИН