Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысындағы өзен-көлдер суалып, арнасы тартылып барады

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2015
  • 6593

Судың да сұрауы бар. Батыс Қазақстан облысындағы өзен-көлдер суалып, күннен күнге арнасы тартылып барады. Бүгінде өңірдегі ірілі-ұсақты 150-ге тарта суқоймасының жартысында ғана су бар. Ал мамандар мұның себебін Ресейден келетін судың азайып бара жатқандығымен байланыстырады. Егер көршілер бұлай шөміштен қаға берсе, облыстың бірқатар аудандары судан тарығады. Бір кездері балығы тайдай тулаған ерке Жайықтың арнасына сыймай аққан  кездерін Виктор қария сағынышпен еске алады.  Зеріккенде қармағын ұстаған ол, өзен жағасынан табылады. Бірақ қармағын қапқан шабаққа көңілі толған емес.

Виктор Дурманов:

Бұрын бір сағаттың ішінде дорбаң балыққа толатын. Қазір жарты күн отырып, үш-төрт шабақты әрең ұстадым. Су терең, балығы білектей болатын. Қазір су да, балық та азайды. Тек мөңке балық қалды.

Ал мынау - Орал қаласының іргесіндегі Аниськин көлінің жұрнағы. Суалған көлдің жағасы қоқысқа толып, шалшыққа айналған. Мұрын жаратын жағымсыз иістен жиіркенген тұрғындар бұл жерді қазір Сасықкөл деп атайды. Көршілес РФ бізбен келіспей, жалпы келісім-уағдаластық болған жоқ. Бізбен келіспей, әртүрлі суқоймаларын салып тастаған. Облыстық табиғи ресурстар басқармасы мамандары өңірдегі өзен-көлдердің тартылуын Ресейден келетін судың аздығымен түсіндіреді. Жыл сайын Ресейден ағып келетін 102 миллион текше метр су үшін Батыс Қазақстан облысы 1 миллиард 200 миллион теңге төлейді. Бірақ ресейліктер суды жоғары жақтан бөгеп, жер-жерден суқоймалар салуда. Осының кесірінен облысқа келер судан тарыққан кейбір аудандар картада экологиялық апат аймағы ретінде белгіленіпті.

Марат Машкенов, БҚО Табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Жәнібек ауданында жалғыз тек қана сол Паласовка системасынан берілетін су арқылы күн көруде. Оны да сол насос стансасы арқылы көтеріліп, бізге беріледі де, содан кейін Жәнібек магистральді каналы арқылы Жәнібектің бүкіл селолық округтеріне таратылады. Бұл су болмаса Жәнібек ауданының жағдайы өте қиын болады.

Батыс Қазақстан облысындағы 30-дан астам өзен-көлдің суын тексеретін экологтар жағдайдың қалыпты екендігін айтады. Бірақ көлдердің суалуы қауіпті екендігін жасырмайды.

Абзал Теміров, БҚО Экология департаменті Сынақ зертханасының басшысы:

Оттегінің жаңағы өзінің тыс мөлшерден азаю себептері балықтың, суды мекендейтін жануарлардың өмір сүру деңгейлеріне кішкене ауыр жағдайлар туғызады. Яғни, көлдерде болады ондай жағдайлар көбіне, бөлініп қалған көлдерде...

Облысты суландыру мақсатында былтыр Киров-Шежін арнасын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған-ды. Бірақ бұл бастама баянсыз болды - тендерді ұтып алған мердігер 326 млн теңгені жымқырып,  8 жылға сотталып кетті. Енді мамандар осы су арнасы қайта жаңғырса ғана, жағдайдың түзелерінен үмітті.

Еркін КАРИН