Русский Сайттың толық нұсқасы

Сот үлкен Үсеновты ұстауға санкция берді

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2015
  • 1211

Астананың Алматы аудандық №2 соты Қажымұрат Үсеновты  үй қамағына алуға санкция берді. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады. Айта өтейік, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының департамент директоры қызметін атқарған Қажымұрат Үсеновке аса ірі көлемде мемлекет қаражатын талан-таражға салды деген айып тағылған.

Ботагөз Баянова, Астана қалалық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының  құрылыс департаментінің экс басшысы Үсеновке қатысты үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Үсенов аса ірі көлемде жымқыру мен ысырап ету жолымен 214 миллион теңге соммасында бюджеттік қаражатты ұрлаған, яғни ҚР ҚК-нің 176 бабының 4-бөлігің б тармағында көзделген қылмысты жасаған, - деп күдіктеледі.

Тергеу мәліметтеріне сай, Үсенов «Southfork» ЖШС атқарушы директорымен ауыз жаласып, халықаралық көрмеге бөлінген қаражатты ұрлаған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, істің мән-жайы анықталуда. Айта кетейік, күдікке ілініп отырған Қажымұрат Үсенов Алматыдағы жантүршігерлік жол апатына кінәлі деп танылған, кейін тағы бір жол-көлік апатына себепкер болған Мақсат Үсеновтің әкесі. Бұған дейін хабарланғандай, ұлы Мақсаттың төңірегіндегі жайттардан соң Қажымұрат Үсенов қызметтен кеткен болатын.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА