Русский Сайттың толық нұсқасы

Францияда апатқа ұшыраған Airbus A320 ұшағында болған жолаушылардың денесі бауырластар зиратына жерленеді

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2015
  • 824

Францияның оңтүстігінде апатқа ұшыраған Airbus A320 ұшағында болған жолаушылардың денесі бауырластар зиратына жерленеді. Бұл жөнінде Марсель прокуроры Брис Робин мәлімдеді, - деп хабарлайды Рейтерс. Прокурордың сөзінше, «анатомиялық тұрғыдан оларды тану бойынша қолдан келген шаралар түгел жасалды». Сондай-ақ, Робин әуе апатына қатысты маңызды жәйттерді жариялады. Альпі тауларына соғылған ұшақтағы екінші пилот Андреас Любиц, көру қабілеті нашарлағандықтан әуе компаниясындағы қызметінен айырылып қалудан қатты қорыққанға ұқсайды. Соңғы бес жылда ол 40-тан астам дәрігерге қаралған. Сорақысы сол, Любицтің көз жанарында ақау барын білген дәрігерлер бұл туралы компания басшылығына тіс жармаған. Германия заңдары бойынша, құпияны ашқан дәрігер түрмеге тоғытылады. Еске салайық, Lufthansa-ның еншілес компаниясына қарасты Airbus A320 ұшағы 24 наурызда Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқанда апатқа ұшырады. Бортта болған 150 адам түгел қаза тапты.  «Қара жәшіктегі» жазбалар Андреас Любицтің экипаж командирі сыртқа шығып кеткенде, кабинаны жауып алып ұшақты төмен құлдилатқанын көрсетті.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА