Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев Калачи тұрғындарының не себептен ұйықтап жатқанын анықтай алмай отырған отандық мамандарды сынады

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2015
  • 862

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында киіктердің жаппай қырылуы себебін нақты атай алмай отырған сала мамандарын қатаң сынға алды. Бұл туралы Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы шенеуніктерді жануарлардың қырылуына не себеп болғанын анықтауға міндеттеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осынша көп киіктер қырылып қалғанда, біреу былай дейді, екіншісі басқаша айтады. Әрқилы болжамдар мен қарама-қайшы пікірлер айтылуда. Бұл осы салада жөнсіздік барын айғақтайды. Тиісті мамандар жоқ деген сөз. Өз жерімізде не болып жатқанын анықтай алмай отырмыз. Барлық сұрақтарға жауап беретін кез келді.

Мемлекет басшысы қоршаған ортаның ахуалын бақылап, экология саласындағы қатерлерді алдын ала анықтау үшін, Жерді қашықтан зондтайтын, 2014 жылы іске қосылған қазақстандық екі ғарыш аппаратын тиімді пайдаланудың маңыздылығына да тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар Ақмола облысы Калачи ауылының тұрғындары не себепті ұйықтап жатқанын таба алмай отырған отандық мамандарға да көңілі толмайтынын айтты. Президент Калачи ауылымен қоса Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарының денсаулығын қорғауға қатысты мәселелерді тездетіп реттеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы уақытқа дейін Калачи ауылының тұрғындары не себепті ұйықтап жатқанын ешкім түсіндіре алмады. Егер құзырлы органдар мән-жайды анықтай алмаса, қажетті сарапшылары болмаса, онда шетелден маман шақыртып, істі соларға тапсыру керек еді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ