Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарашығанақ кенішінің жаңа санитарлық аумағы бекітілді

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2015
  • 1234

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылын көшіруге негіз табылатындай. Қарашығанақ кенішінің жаңа санитарлық аумағы бекітілді. Бұл туралы бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Әбуов мәлімдеді.

Қайрат Әбуов, БҚО әкімінің баспасөз хатшысы:

Қарашығанақ кенішіндегі жұмыстардың ұлғаюына байланысты жаңа санитарлық аумақ бекітіледі. Енді осы аумақта орналасқан Березовка мен Бестау ауылдары 2017 жылдың соңына дейін басқа жерге көшірілетін болады деп көзделуде. Ауыл көшірілгенше, Қарашығанақ кенішінде жаңа қондырғылар орнатылмайды. Алдағы аптада ауылдармен кездесу өткізіліп, оларды басқа жерге қоныстандыру мәселесі талқыланатын болады. Барлық қажетті ақпарат Бөрлі ауданы әкімдігінің сайтына салынды.

Қайрат Әбуовтың сөзінше, кеніш төңірегіндегі жаңа санитарлық аумақты ҚР бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бекіткен. Бұған Қарашығанақ кенішіндегі жұмыстардың ұлғаюы себеп болыпты. Кейін жан-жақты есептеу жұмыстары жүргізілген Үкімет арнайы қаулы қабылдамақ.

Айта кетелік, балаларының аяқ асты талып құлауынан үрейленген березовкалықтардың ауылды көшіруді талап еткеніне жарты жылдан асты. Бұған не себеп болғанын дәрігерлер де білмейді. Ал тұрғындар бұған ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәлап отыр. 

Еркін КАРИН