Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстандағы Қазығұрт ауданында мал ұрлығы көбейген

  • AstanaTV
  • 24 наурыз 2017
  • 4674

Оңтүстік Қазақстан облысында мал ұрлығы өршіп тұр. Қазығұрт ауданына қарасты Еңбекші мен Ақжар ауылының халқы, тіпті малының бас жібін жастанып жататын жағдайға жеттік, ал сенім артатын полицейлерден қайыр шамалы, деп отыр. Айтуларынша, дәніккендер төрт түлікті қойып, үй құстарына да ауыз сала бастапты. 

-Қалай осындай заманда, бәрі дамыған кез ғой қазір, қалай ұсталмайды ұры?!

Тұрғындардың сөзіне сенсек, екі жүзге тарта түтіні бар Ақжар ауылында мал ұрлығы тиылмай тұр. 2013 жылдан бері тіпті үдеп кетіпті. Үйірдегі жылқыны айтпағанда, қорасында қамаулы, көз алдында тұрған түлігіне дейін сыпырып кетіп жатқанын айтып ашынады.

Тасболат Омаров:

Үйірлеп те кетіп жатыр, біртіндеп те кетіп жатыр, бес-алтылап та кетіп жатыр... Кетіп жатқан малдың біреуін де милициялар әкеп тауып берген жоқ.

Құныққандар тіпті бір үйдің бетіне қарап отырған 36 күрке тауығын бір түнде қолды қылыпты. Арызданғанымен, әні-міні табылады деп шығарып салма жауаптан әрі аса алмай отыр, дейді. Полициядан күдерін үзген кейбірі, уақ малы жоғалса, арыз жазуды қажетсінбей де қалдық, дейді.

Ербол Құтбаев, еңбекші ауылының тұрғыны:

Бұл жерде мен ойлаймын, «сыбайластық» бар-ау деймін. Өйткені он жылдың төңірегінде ешқандай ұрлық-қарлық ашылған, табылған жоқ бұл ауылда. Қазір жалғыз сиырының бас жібін құшақтап отырып ұйықтайтын жағдайға келдік. Жұрт үреймен өмір сүріп жатыр қазір.

Халық төрт түлігін өздері қоруға көшіпті. Жуырда түн қатып жүрген бөтен көлікті қуалау кезінде жол талғамайтын көлік ішінен маталған сиырды ұрылар көліктен лақтыра қашыпты. Сиыр аман. Тұрғындар, із кесіп жүріп жапан далада қалған  нөмірсіз көлікті полицияға тапсырдық, дейді. Бірақ ұрылар әлі ұсталмағаны қалай деп, ауыл халқы түсіне алар емес.

Асан Нұрахметов, Ақжар ауылының тұрғыны:

Өлдім дегенде, 500 мал жоғалды бұл жерден, бір ғана өзімдікі емес, ауыл болып 500 мал, халықтың 500 малы жоқ. Оның бәрін, ешқайсысы табылмайды? -Біреуі табылған жоқ - не ұрысы табылмайды, не қарысы табылмайды. Не қыламыз оны, учасковыйдың не керегі бар? Пайдасы жоқ қой оның бізге. Ұстаған машинаның ішінде әскери форма болды биркісімен, патрондары болды ішінде, арқан бар ішінде....

Ал ішкі істер департаментінің ресми өкілі «полиция қол қусырып отыр» дегенмен келіспейді. Оның сөзінше, қазығұрттықтарды қан қақсатқан бірнеше топ қазір жазасын өтеп жатыр.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД  ресми өкілі:

Джип автокөлігінің қожайынының осы мал ұрлықтарына қатысы бар ма, жоқ па - оны дәлелдеу керек. Айғақты заттар бүгінгі таңда жоқ. Сол себептен тергеу амалдары жалғасуда. 2017 жылдың басынан бастап 2,5 ай көлемінде Қазығұрт ауданындық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімінде  41 қылмыстық іс  тіркеліп, қозғалған. ҚР ҚК 188 бабы бойынша ол «Ұрлық» - мал ұрлығы. Оның 13-нің беті ашылып отыр. Қылмыскерлер анықталып, ішкі істер бөліміне жеткізілген.

Салтанат Қаракөзованың дерегінше, жыл басынан Қазығұрт ауданында тіркелген 41 жайттың 16-сы жайылымдық жерден жетектеп әкетілген мал. Тұрғындардың бос қойған түлігіне бақылаудың жоқтығы да барымташылардың еркінсуіне себеп көрінеді. 

Ішкі істер қызметі өкілдерінің айтуынша, қылмысты ашуда кедергілер бар. Ол мал иелерінің көп жағдайда полицияға кешігіп хабар беруі. Бұл ұрының алыстап кетуіне жағдай туғызады. Оған қоса төрт түліктің  сырғаланбағаны, ен таңбасының болмауы да ұрыны әшкерелеуге мүмкіндік бермейтінін көрінеді.

Айзада Төребекқызы