Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, бірден үш пәтер жанып кетті

  • AstanaTV
  • 15 маусым 2015
  • 1774

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, үш бірдей пәтер күлге айналды. Салдарынан төрт адам аурухана төсегіне таңылды. Тағы 20-дан астам тұрғын дәрігерлер көмегіне жүгінген.

Сенбіге қараған түні басталған тілсіз жау бес қабатты үйдің үшінші қабатынан шыққан. Лезде қызыл жалын жоғарыға жетіпті. Үш пәтердегі дүние-мүлік түгелдей жанып кеткен. Өртке қарсы күрес қызметінің алдын ала болжамына сай, тілсіз жау үйдегі ауа таратқыш құбырлар арқылы жылдам жайылған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Тілсіз жаудан соң медициналық көмекке жүгінген 21 адамның 17-сі алғашқы көмектен соң үйлеріне қайтарылған. Төрт адам ауруханада.

Жолдыбай Құрманбеков, Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері:

Екеуі реанимацияда жатыр. Екеуі хирургиялық бөлімде жатыр. Реанимацияда жатқан біреуінде балада 18 пайыз күйік шалған. 1-2 дәрежелі. Және көмір қышқыл газымен уланған. Әйел 1948 жылғы. Ол кісіде де уланған. Қазіргі жағдайлары орташа ауырлықта. Әйел аппаратта жатыр. Қалғандарының жағдайы бірқалыпты.

Төтенше жағдайға байланысты қала әкімдігінде шұғыл штаб құрылды. Шығын көлемі есептеліп жатыр. Қазір баспанасыз қалған тұрғындардың көпшілігі жатақханаға орналастырылды. Қайсыбірі туған-туыстарының үйіне кеткен. Зардап шеккендерге азық-түлік жеткізіліп жатыр. Жергілікті билік жөндеу жұмыстарын түгел жүргізіп беруге уәде етіп отыр.

Сәкен Қаныбеков, ОҚО әкімінің орынбасары:

Қала тұрғындары болғаннан кейін, қала әкімшілігі өз тарапынан жүз пайыз қамтып береді. Жасап береді. Қалпына келтіріп береді. Сондай уәде беріп жатыр. Себебі облыс әкімінің қадағалауында болып отырғаннан кейін, арнайы бізді жіберіп жатқаннан кейін, осының бәрін біз ретімен сәтін келтіріп қоямыз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ