Қостанайда қос ақынның кеші
өтті. Айтыс өнерінде айшықты із қалдырған Әсия Беркенова мен Әселхан
Қалыбекованың мерейтойлық мерекесі Тобыл өңірінде кеңінен тойланды. Қазақстанның
халық ақындары, халықаралық айтыстың жүлдегерлерінің шығармашылық кеші
әуелі Әсия Беркенованың туған өлкесі Әулиекөлде басталып, кейін
Қостанай төрінде жалғасын тапты. Бір жыл, бір ай, бір күнде дүние есігін ашқан
қос дүлділдің кешіне дүйім жұрт көп жиналды. Қос ақынды оңтүстік пен солтүстіктің атқамінер
азаматтары құттықтап, сый-сияпат жасады. Шығармашылық кеш барысында аяулы ақындардың өздері, ұл-қыздары және шәкірттері көпшілік ел алдына шығып, өнер көрсетті.
Әсия Беркенова, Қазақстанның халық ақыны:
Мен осы өмірге бірге келген, өнерді
бірге бастаған біреуіміз оңтүстікте, біреуіміз солтүстікте өмір сүріп жатқан
сыңарым Әселхан Қалыбековаға бірге кеш өткізуді ұсынған едім. Жеке-жеке халық
бізді білген сияқты, өмірде де өнерде де егіз екенімізді ел білсін деп осындай
кеш ұйымдастырып жатырмыз.
Әселхан Қалыбекова, Қазақстанның халық ақыны:
Өте қуаныштамыз.Елмен
емін-жарқын сырластық. Пікірлестік. Барлығы да қуанышты. Өзі бұрын -соңды екі
ақынның бұлай өткізуі болмаған. Соған ел қуанып жатыр. Ол әрине
достықтың,бірліктің, ынтымақтың салтанат құрғаны деп ойлаймын.
Заңғар САНАЙ