Русский Сайттың толық нұсқасы

Қырғызстанның 9 азаматы Қазақстанда құлдықта болған-мыс

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2015
  • 1419

Алматы облысының ішкі істер департаменті Қырғыз Республикасы сыртқы істер министрілігінің ресми сайтында жарияланған «еңбек тұтқындары» туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Еске салайық, көрші елдің министрлігі өз сайттарында, бүгін «қазақстандықтар айыр қалпақты ағайындарын құлдықта ұстады» деген ақпар жарияланған болатын. Ресми орынның ақпарына сай, Алматы облысының Іле ауданындағы Ақши ауылы маңындағы егіс алқаптарының бірінде қырғызстанның 9 азаматы заңсыз еңбекке жегілген. Олардың ешбір құжаты болмаған және қожайындары қоқан-лоққы көрсету арқылы мәжбүрлеген-мыс. Алайда еліміздің құқық қорғау органдары мигранттардың еңбектену үшін өз еріктерімен, бірақ заңсыз келгенін нақтылады.

Дарын Арыстанбеков, Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз жетекшісі:

Аталған тұлғалар Қазақстанға нәпақа табу үшін, күнкөріс қамымен келген. Шекараны олар ешбір құжатсыз заңсыз аттаған. Бұл қырғыз азаматтарын тексеру барысында расталды. Белгілі болғандай, олар Ақши ауылына өз еріктерімен барған. Вагонда өмір сүріп, егістікте жұмыс істеген. Құқық қорғау органдарына берген жауаптарында Қазақстан азаматтары тарапынан зәбір көрмегенін айтқан. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары басталды.

Айгүл ЕРМАХАН