Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияның бұрынғы президенті және премьер-министрі Сүлеймен Демирел дүниеден өтті

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2015
  • 2264

Белді саяси қайраткер, түрік ұлтының әкесі атанған азамат, Түркияның тоғызыншы президенті Сүлеймен Демирел қаза тапты. 91-ге қараған шағында «күрескер саясаткер» Анкара ауруханаларының бірінде жүрек талмасынан көз жұмды. Түркияның провинцияларының бірінде қарапайым бақташы отбасында дүниеге келген бала Анадолы елінің ең басты саяси лауазымы - премьер-министр қызметіне бес рет тағайындалып, саяси қызметін президент мансабында тәмамдады. «Сұлтан Сүлейменнің» ел ісіне араласқан 40 жылдан астам саяси белсенді өмірі күреске толы болды. Демирел соңғы деміне дейін күресіп өтті.

Сүлеймен Демирел дүние салды деген ақпар желдің жылдамдығымен тек Түркі әлеміне емес, жер жаһанға бір сәтте жайылып үлгерді. Ел арасында «ұлт әкесі» атанған саясаткер Түркияның Испарты ауданында мал баққан отбасында дүниеге келген. Сол кезеңдегі Түркияның негізгі табыс көзі малшылық кәсібімен ұзаққа бармайтынын іштей сезген Сүлейменнің әкесі баласының білім алуына ден қояды. Ауылдың бастауыш мектебінен хат таныған соң, оқуға икемін көріп, аудан орталығына жібереді. Ал ол жерде баланың өрісін көрген ұстаздар ауылға қайтуына үзілді-кесілді қарсы шықты. Осылайша 1941 жылы Стамбулға арман қуып келген Сүлеймен техникалық университеттің азаматтық-инженерлік факультетіне түседі.

Жас Сүлеймен студент бола жүріп, белсенді саяси позиция ұстанды. Түркияның сол кезеңіндегі барлық сауатты жастары сияқты, Мұстафа Кемел Ататүріктің саяси режимінен демократиялық принциптерге бүйрегі көп бұратын. Сондықтан үлкен саясатқа бірден араласпай, 49-шы жылы университет дипломын алған жас жігіт білім қуып Америка асты. Демирелдің елге оралуы Ататүріктің Халықтық-республикалық партиясының дәурені аяқталуымен тұспа-тұс келді. Осы арада жас жігіт саясатқа білек сыбана кірісіп, 1964 жылы елдің премьер-министрі атанды. Бұл лауазымды ол 1993-ші жылға дейін сақтады. Бірақ 30 жылға жуық аралықта ол елдегі арасы жиі әскери төңкерістер салдарынан мемлекет ісінен үш рет қуылды, десе де алған бетінен қайтпады.

Сүлеймен Демирел, Түркияның тоғызыншы президенті:

Мен бүгін Астананың салтанатты таныстырылу жиынына қатысып отырғандығыма шексіз қуаныштымын. Кез-келген астананы көшіру оңай іс емес, және оның сәтті аяқталғаны - бақыт. Менің бауырым Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қазақ халқының еңбекқорлығын көрсеткен жаңа астана бой көтерді.

Бұл сонау 1997 жыл. Қазақстанның елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру тарихи қадамының салтанатты жиыны. Сол кезеңнен Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының қарқынды даму дәуірі бастау алады. Соның бір дәлелі ретінде Алматы облысында Сүлеймен Демирел атындағы оқу ордасы жұмысын бастады.

Қайғылы хабарды естіген Нұрсұлтан Назарбаев өзінің аға-досының өліміне қатысты марқұмның жақындары мен күллі Түркия халқына көңіл білдірді. Сүлеймен Демирел өз туған ауылында жерленеді деген ақпар бар. Бүгінгі Түркияға сапар шеккен әрбір жолаушы Сүлейменнің еңбегінің жемісін көре алады. Анадолы елінің бүгінгі жетістіктерінің астарында «ұлт әкесінің» ұмытылмас қолтаңбасы жатыр.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ