Русский Сайттың толық нұсқасы

Бауыржан Байбек Астанадағы №2 балалар ауруханасының жұмысымен танысты

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2015
  • 1343

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Астанадағы №2 балалар ауруханасының жұмысымен танысып, Ұлттық медициналық холдингте болды. Партияның медицина саласына ерекше ден қоюының өз себебі де бар. Өйткені медицина саласындағы әрбір он екінші қызметкер «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып табылады. Бүгінде медициналық мекемеде партия бастамасымен қолға алынған «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» жобалары іске асырылуда.

«Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарының бірі - ұлт денсаулығын нығайту. Соңғы үш жылда елімізде 255 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде тұрғызылған Астанадағы «№2 қалалық балалар ауруханасы» да бар. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ауруханадағы бөлімдердің жұмысымен танысып, қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Партиялық «Алғыс» хатты табыс етті. «Сіздердің күнделікті ықтиятты еңбектеріңіз партияға өзінің сайлауалды уәделерін орындауға көмектеседі», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Біздің партияға 850 мың адам мүше. Әрбір он екіншісі медицина қызметкері болып табылады. Осы № 2 қалалық балалар ауруханасы ұжымының 14 пайызы - біздің партияға мүше. Сіздердің күнделікті адал әрі ауыр қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді.

Партияға мүше медициналық қызметкерлер әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсету ісімен де айналысады. Оның ішінде партия бастамасымен қолға алынған «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» жобаларын атап өтуге болады. Аурухана бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау ісі жөніндегі орынбасары Ұлықбек Асылбековтің айтуынша, «Нұр Отан» партиясының көмегімен бүгінде ардагерлерге медициналық жәрдем көрсету, жас мамандарды оқытып, оларды «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқуға аттандыру ісі қолға алынған.

Ұлықбек Асылбеков, № 2 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

«Нұр Отан» партиясының алға қойған мақсаты - жастарды жетілдіру. Жаңадан келген жастарды үйрету керек. Сондықтан, біріншіден, барлық бөлім меңгерушілеріне бірнеше жас маманнан тіркелген. Олар бір жылдың ішінде өздерінің алдына қойған жоспары бар, сол жоспар бойынша өздерінің жұмысын үйрену керек. Қазір президентіміздің ұсынған «Болашақ» саласы жағынан да шетелге жіберіп жатырмыз. Израильге, Түркияға барып оқып келді бірнеше дәрігер.

Медицина қызметкерлері күні мерекесіне орай Ұлттық медициналық холдинг мерекелік шара ұйымдастырды. Айта кетерлігі, Ұлттық медициналық холдинг құрамында 8 партиялық ұйым қызмет етеді. Олардың қатарында 1 430 партия мүшесі бар. Яғни Ұлттық холдинг қызметкерлерінің 29 пайызы - «Нұр Отан» партиясына мүше. Бүгінгі салтанатты кеште партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек үздік жеті медициналық қызметкерге «Алғыс» хаттар табыстады.

Жұрағат БАМАН