Русский Сайттың толық нұсқасы

Электр компанияларын біріктіру қаншалықты қисынды?

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2015
  • 1090

Электр желілерін таратушы аймақтық компанияларды біріктіру мәселесі, Оралда талқыға түсті. Республикалық форумда бас қосқан ардагер энергетиктер бұл бастама тарифтердің қымбаттауына жол бермей, қуатпен қамтамасыз етуді тұрақтандыратынын айтады. Мемлекет басшысы да 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жолында, осы сала бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Жиналғандардың пайымынша, жаңа бастама - шығындар мен желідегі электр қуатының зая болуын айтарлықтай азайтады. Әрі айтып келмейтін апат пен ақаудың алдын алуға болады. Алайда, бұл мәселе алдымен жан-жақты зерттеуді қажет етеді, - дейді электр желілерін таратушылар. «Бүгінде ел аумағында электр желілерін таратушы 21 компания болса, электр қуатын саудалап пайда табатын қуат тасымалдаушы кәсіпорындар жүздеп саналады. Олар қуат тасымалын ұйымдастырып, ауадан ақша жасайды. Сондықтан, электр желілерін таратушы компанияларды ірілендіру аса қажет. Әрі бұл іс заң аясында қолға алынуы керек»,- дейді электр энергетикалық қауымдастық төрағасы.

Шаймерден Оразалинов, Қазақстандағы электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы:

Аймақтардағы электр желісін таратушы 21 компаниядан басқа мекемелерге лицензия берілмейді. Олар тарифті өзгертуге қатысты да ұсыныс бере алмайды. Ақырында олар өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болады. Осыдан кейін ғана бұл кәсіпорындардың дүние-мүлкіне тәуелсіз сараптама жасап, бағалау жүргізіледі. Сосын олардың меншігі сатып алынады.

Еркін КАРИН