Русский Сайттың толық нұсқасы

Болашақта мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы әлдеқайда жеңіл болмақ

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2015
  • 1261

Болашақта мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы барынша жеңіл болмақ. «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» жаңа заң жобасы осы мәселені қарастырады. Толықтырылған құжат «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде талқыланды. Партияның сарапшылары мен мүмкіндігі шектеулі жандардан құрылған қоғамдық бірлестік өкілдері өз пікірлерін ортаға салды.

Жиналғандар мүгедектердің өмірін жақсарту үшін заң жобасына елеулі өзгерістер енгізуді қолдайды. Ол үшін қолданыстағы 4 Кодекс пен 24 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Депутаттар мен түрлі министрлік өкілдерінен бөлек жиырмаға жуық мүгедек жандардан құрылған сарапшылар заң жобасына 100-ге жуық ұсыныс енгізді. Оның жетпіс жетісі қабылданып, он екі ұсыныс Үкіметтің келісімін алуға жіберілген. Жаңа заң жобасының алғашқы оқылымы Мәжілісте шілденің бірінде өтеді.

Егер бұл заңды Парламент мақұлдаса, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім және ақпарат салаларындағы нормаларға елеулі өзгерістер енгізіледі. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда еш шектеусіз өмір сүруіне жағдай жасайтын болады. «Нұр Отан» партиясының «Азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету» бағыты бойынша партиялық кураторы, Мәжіліс депутаты Ирина Аронова осындай пікірде.

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Заң жобасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жұмыс берушілерді қолдау тетігі де қарастырылып отыр. Яғни мемлекеттік мекемеде жұмыс істесе де, жеке кәсіпкерлікпен айналысса да, оларға салық саласында арнайы жеңілдіктер жасалады. Сондай-ақ мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау қайта қаралмақ. Парламентке ұсынылатын құжатта мүгедектер үшін арнаулы әлеуметтік жұмыс орындарын құру мәселелері көзделеді. Егер бұл заң жобасы мақұлданса, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы барынша жеңіл болады.

Берік ХАСЕНОВ