Қостанайлық полицейлер 76 жастағы тұрғыннан 7 тапанша мен екі мылтық тәркіледі. Зейнеткер қару-жарақты заңсыз сақтап келген. Қазір қарияға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ирина Беженарь, Қостанай
облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
Күдікті Киев көшесінің бойында
көлігімен кетіп бара жатқан жерінен ұсталды. Ал, оның үйін тінту барысында
полицйелер заңсыз айналымдағы қару-жарақтар мен оқ-дәрілер тәркіледі. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 287 бабы 3
бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп
жатыр.
Полицейлер қарияның үйінен қару-жарақпен қатар, алты
жүзге жуық оқ және бірнеше аңшы пышағын
тапқан. Ол енді 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, түзету
жұмысына тартылады. Не 5 жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін. Оны сот
шешетін болады. Қостанай облысының сақшылары биыл заңсыз 540 қару тəркілеген.
800 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.