Русский Сайттың толық нұсқасы

Үшінші қазақ ғарышқа ұшатын болды

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2015
  • 1100

Дүйсенбінің тағы бір жағымды жаңалығы. Ғарышқа үшінші қазақ ұшатын болды! Ресейдегі космонавттарды даярлау орталығының ведомствоаралық комиссиясы қазақстандық космонавт Айдын Айымбетовтің кандидатурасын халықаралық ғарыш стансасына аттанатын экипаж құрамына мүше ретінде бекітті. Бұл туралы өз дереккөзіне сүйеніп, ТАСС хабарлайды.

Бірақ Ұлттық  ғарыш агенттігі аталмыш ақпаратты ресми түрде әлі растамады. Дегенмен еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев өзінің туиттер парақшасына: «Айымбетовтің халықаралық ғарыш стансасына ұшуы Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігінің маңызды көрінісі», - деп жазды. Ал Айымбетовтің зайыбы Лилия Айымбетова күйеуінің ғарышқа ұшатынын толықтай нақтыламаса да, кандидатурасы бекітілгенін растады.


Лилия Айымбетова, Айдын Айымбетовтің зайыбы:

Мен теледидар мен интернеттен көргенімді ғана білемін. Айдын қазір Америкада. Дайындалып жатыр. Оны бекіткенін білемін, бірақ қаншалықты нақты екенін білмеймін. Айдынмен байланыса алмай отырмын. Байланыс нашар болып тұр.

Айдын Айымбетов британдық әнші Сара Брайтманның орнына ұшатын болды. Белгілі өнерпаз орбиталдық станцияға турист ретінде ұшуды жоспарлаған-ды. Бірақ жақында бұл ойынан бас тартты. Осы дерек шығысымен, Брайтманның орны қазақ ғарышкеріне бұйырады деген қауесет тараған.

Айта кетейік, Айымбетовтың дублері ретінде бүгін ресейлік ғарышкер Сергей Прокопьев таңдалғаны белгілі болды. Жаңа экспедиция мүшелері даярлықты қызу жүргізіп жатқаны да орынды. Өйткені «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің Байқоңырдан  қыркүйектің бірінде ұшуы жоспарланып отыр. Ғарышқа Айымбетовпен қоса, ресейлік ғарышкер  Сергей Волков және еуропалық астронавт Андреас Могенсен ұшады деген ақпарат бар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ