Русский Сайттың толық нұсқасы

Былтыр Қазақстанда 11250 адам түрмеден босап шыққан

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2015
  • 1688

Былтыр Қазақстанда 11250 адам түрмеден босап шыққан. Соның 1218-і еңбекпен қамту және әлеуметтік бейімдеу орталықтарының көмегіне жүгініп, 744 азамат жұмысқа орналасқан. Бүгін Мәжілісте «Жазасын өтеп шыққан қылмыскерлерді әлеуметтік бейімдеу және интеграциялау» мәселесі қаралды.

Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтылған көрсеткішке көңілдері толмайды. Бұдан бұрын құзырлы орган әр облыста жазасын өтеп шыққандарды бейімдейтін жеке-дара орталық ашуды ұсынған. Жергілікті әкімдіктер арасынан мұны тек Павлодар мен Оңтүстік Қазақстан облыстары ғана қолдапты. Ал, басқа аймақтарда бұрынғы сотталғандар тұрақты мекен-жайы жоқ азаматтармен, яғни қаңғыбастармен, бір орталыққа жіберіледі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі түрмеден босап шыққандарды тиісті органдарға тіркеуден өтуге шақырады. Әйтпесе, мемлекет тарапынан көмек қолын созу мүмкін емес, дейді.

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

Жылына шамамен 9-11 мың  адам түрмеден шықса, соның 1218-і ғана еңбекпен қамту мекемелеріне барған. Бұл 2014 жылғы дерек. Салдарынан құзырлы орган әлеуметтік қорғау бөлімдері дұрыс жұмыс істемейді деп, бізді сөгеді. Алдымен жазасын өтеп шыққандар жайлы ақпарат 6 ай бұрын бізге жіберілуі керек және бостандыққа шыққандар әлеуметтік қорғау бөлімдеріне келуі керек.

Жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеуге мемлекеттік органдар ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар да атсалысуы керек, дейді Ішкі істер министрлігі. Қазақстанда сотталып шыққандарды қайта оқытатын 47 колледж бар. Мемлекет түрмеге түскен бір адамды бағып-қағуға жылына 687 мың теңге жұмсайды.  

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ