Русский Сайттың толық нұсқасы

2017 жылдан бастап зейнетақы бұрын белгіленген базалық көлеммен емес, еңбек өтіліне байланысты тағайындалады

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2015
  • 1387

Қазақстанда 2017 жылдан бастап зейнетақы бұрын белгіленген базалық көлеммен емес, еңбек өтіліне байланысты тағайындалады. Бүгін Парламент мәжілісі бірінші оқылымда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұсынған «зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне байланысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі заң жобасын қолдады. Жаңа заң құжаты көп балалы аналарға зейнетақы белгілеу мәселесінде, әскерилер және құқық қорғау органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бойынша бірқатар өзгерістерді қарастырады.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың депутаттардың қарауына әкелген заң жобасы зейнетақы тағайындау тәртібіне тұшымды өзгерістер еңгізгелі тұр. Оның ең бастысы енді зейнетақы тағайындау 1998 жылы белгіленген, базалық ақы тәртібімен емес, енді еңбек еткен жылдарына қарап беріледі. Жаңа заң жобасы сондай-ақ, болашақта жұмыс берушіні қызметкерінің 10 пайыздық зейнетақы аударымына қосымша өз есебінен жалақының 5 пайыздық көлемін аударып тұруға міндеттейді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Дүние жүзінде 3 деңгейлі зейнетақы жүйесінде 3 жақтама азаматтар қосылып әлеуметтік жауап береді. Мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшының өзі. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы өтелеміз, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер 5 пайыздық жарнаны төлей бастады.

Ал, бала тәрбиесімен үйде отырған аналарға зейнетақы енді әр балаға 3 жылдық еңбек өтілін есептеумен тағайындалмақ. Мәселен, ананың 4 баласы болса, оған 12 жыл еңбек өтілі белгіленеді. Алайда, 4 баладан артық туғандарға заң қосымша еңбек жылдарын қарастырмайды. Мәселен, ана 6 бала туса, оған сол 12 жылдық еңбек өтілі есептеліп, қосымша 6 айлық орта есептік көрсеткіш көлеміндегі төленім тағайындалады. Ал 5 баласы барлар тек 12 жыл еңбек өтілімен ғана шектеледі. Десе де, депутаттар көп балалы аналарға зейнетақы тағайындауда барынша жеңілдік қарастыру керек деген ойда.

Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Елбасы Қазақстан халқының санын көбейту мәселесін көтеріп жатыр. Соған қамқорлық та жасап жатыр. Бала туып өсіріп жатқан көп балалы аналарға өтіл, пөтіл дегенді қоспай, базалық зейнетақыны толық төлеу туралы қалай қарайсыз.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Көп балалы аналарды айтатын болсақ, бүгінгі таңда Қазақстанда аналарды қорғау жөніндегі әлеуметтік қажетті төлемдердің барлығы бар. Егер ана дүниеге бала алып келетін болса, біз қазір бір реттік жәрдемақы төлеп жатырмыз. Бір жылдық табысына қарамастан, бір жылға дейін балаларға қарауын қарап жатырмыз. Содан кейін алты баласы бар аналарға ай сайын алты айлық есептік көрсеткіш те беріп жатырмыз.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Заң жобасының кезекті жаңалығы енді 2016 жылдың 1 қаңтарынан әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне мемлекеттік бюджеттен зейнетақы шотына аударылатын 20 пайыздық төлем тоқтап, олар енді толық мемлекеттік бюджеттен зейнетақымен қамтамасыз етілетін болады. Зейнетақыға қатысты заң жобасының осындай жаңалықтары бар.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ