Русский Сайттың толық нұсқасы

Екібастұз қаласының тұрғындары қапырық ыстықта суық суға зар болып отыр

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2015
  • 1150

Жаз басталса, Екібастұз қаласындағы 63 отбасы мұздай суға зар болып қалады. Көпқабатты бір үйде осы күндері суық су орнына шүмектен ыстық су ағып тұр. Мәселені көтеріп тұрғындар жергілікті әкімдікке талай мәрте шағымданған. Алайда, ешбір құрылымнан жарытып жауап ала алмаған. Мәселенің ақ-қарасын анықтамақ болған Әсемгүл Мұхитқызы тараптарды тыңдап қайтты. 

Бұл үйдің тұрғындары жаз түссе, суық суға зар болып қалады. Даладағы ауа температурасы 30 градус болса, үйдегі судың температурасы да сонымен шамалас. Шамамен 30-50 градустың маңында. Сондай-ақ, тұрғындар жаздың келуімен тағы бір проблемаға тап болатынын айтты. Мәселен, суға төйлейтін төлемақы бір айдың ішінде бірден үш есеге қымбаттап кеткен.

Зәмзәгүл Қайдарова, түбіртектегі соманың еселенуіне күн сайын көп мөлшерлі суды ағызып алып, оны салқындатқанымыз себеп, дейді. Мәселен, сәуірде отбасы 4 текше метр тіршілік нәрін пайдаланса, өткен айдағы көрсеткіш 10 мың литрді құрапты. 

Зәмзәгүл Қайдарова:  

Осылай суды суытып-суытып қоямыз. Балконға шығарып-шығарып бутылкаға. Басқа вариант жоқ.

Төрт қабатты тұрғын үй 2007 жылы қайта өңделіп, жылдар бойы кезекте тұрған бұқараның игілігіне берілген. 63 пәтердің иесі әлі күнге дейін не істерін білмей дал. Ыстық су мәселесі өз алдына. Қазір оның сапасы да сын көтермейді.

Гүлнәр Бекемерова:

Анализ алғанбыз, анализден белгілі болды, бізден емес, ол водоканал дейді. Енді водоканалға шалсам, олар КСК дейді. КСК-дан сұрасам, КСК айтады: «Олар өтірік айтады, трассадан ыстық су келеді», - дейді.

Бұқараның жағдайын жергілікті билік жақсы біледі. Айтуларынша, мәселе жылу желілері мен су құбырларының бір-біріне қатар орналасуынан туындап отыр. Белгілі болғандай, жылу магистралі су құбырындағы суық суды ысытады.

Ринат Галимов, Екібастұз қалалық су арнасы МКК бас инженері:

Су температурасының тиісті деңгейден асып тұрғандығы рас. Оны біз тексердік. Қазір мәселені шешудің екі жолын қарастырып жатырмыз. Бірі - басқа құбырға қосу, екіншісі - қатты ысытатын аумақтардағы жылу желісін ашып, құбырлардың ара-жігін ажыратамыз.

Қалалық су арнасы аталған түйткілді алдағы екі аптаның ішінде шешуге сөз берді. Ал әзірге бұқара үйреншікті тіршілігімен суды салқындатып пайдалануды жалғастыруға мәжбүр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ