Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы делегациясы Бауыржан Байбектің басшылығымен Ресей Федерациясына сапарлады

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2015
  • 1823

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің басшылығымен партияның делегациясы Ресей Федерациясына сапарлады. Бұл шара көршілес елдегі «Единая Россия» партиясы басшылығының арнайы шақыртуымен жүзеге асып отыр. Екі жақты кездесу барысында Елбасының 5 институционалдық реформасы мен 100 нақты қадам бағдарламасы сараланып, екі елдің билеуші партиялары арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Сапардың алғашқы күнінде Бауыржан Байбек Ресей Мемлекеттік Думасының басшысы Сергей Нарышкинмен кездесті. Ол өз кезегінде «Нұр Отан» мен «Единая Россия» партиялары парламенттік басымдыққа ие саяси ұйымдар екеніне айрықша тоқталды. Фракция депутаттарының басым бөлігі ТМД-ның, ЕҚЫҰ-ның парламентаралық ассамблеясы шеңберінде жұмыс істейді. Бұл ретте тараптар екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды әрі қарай да дамытуға ниетті.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Екі елдің басшылары өткен жылы 10 рет кездесу өткізді. Осы жылы ЕАЭО бойынша жұмыстар атқарылуда. Негізгі мәселе - билеуші партияның жалпы халықпен тығыз жұмыс істеуін қамту, экономикалық интеграцияның жалпы халыққа деген пайдасы қандай, соны халыққа түсіндіруіміз қажет.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары ресейлік әріптестерімен кездесуі барысында Қазақстан Президенті, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде жария еткен бес институционалдық реформасына тоқталды. Сондай-ақ қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудағы партияның рөлін, ортақ орталықшыл идеологияны атап өтті. Бауыржан Байбек Ресей Мемлекеттік Думасындағы «Единая Россия» партиясы фракциясының жетекшісі, Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары Владимир Васильевпен жүздесті.

Владимир Васильев, Ресей МД «Единая Россия» фракциясы жетекшісі:

Біздің елдеріміздің өзара қарым-қатынасы нағыз іскерлік, әріптестік ынтымақтастықтың үлгісі іспетті. Шекарамыз ортақ, мұнан бөлек түрлі салаларда ортақ міндеттеріміз баршылық. «Нұр Отан» партиясы делегациясының бұл сапары қос мемлекет арасындағы осынау байланыстарды одан әрі нығайта түсеріне сенім мол. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің гүлденуі, өсіп өркендеуі жолында аянбай жүрген тұлға. Бұл тұрғыда елдеріңіздегі билеуші партияның атқарар ролі орасан деп білемін.

Тарихи даталар тақырыбына ойысқан ресейлік депутаттар биылғы жылы Қазақстан мемлекеті атап өткелі отырған атаулы мерекелерден де хабардар екенін аңғартты.

Андрей Климов, Ресей ФЖ Халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары:

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырсыздар, бұл өте елеулі тарихи маңызы бар кезең. Осы тамаша мерекені ұмытылмастай әсерлі етіп атап өту жоспарларын бірлесе ойластыруымыз керек деп білемін.

Кездесу қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Құмар Ақсақалов пен «Единая Россия» партиясы Бас Кеңесі Хатшысының орынбасары Сергей Железняк екі партия арасындағы өзара іс-қимыл мен әріптестік туралы Келісімге қол қойды. Аталған Келісім «тәуелсіздік, теңдік, өзара құрмет пен бір бірінің ісіне араласпау негіздері мен қағидаттарына» сүйеніп жасалды. Сондай-ақ, сапар барысында делегация мүшелері «Единая Россия» партиясының Орталық атқару комитеті жетекшілерімен, «Молодая гвардия Единой России» басшылығымен де кездесті. Партияның Мәскеу қалалық өңірлік бөлімінің жұмысымен танысты. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА