Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ Францияның жоғарғы лауазымды тұлғаларына қатысты тыңшылық жасамадық деп мәлімдеуде

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2015
  • 1104

Құрама штаттар Францияның жоғарғы лауазымды тұлғаларына қатысты тыңшылық жасаған жоқ. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мәлімдеді. Осы келеңсіз жайт бойынша Барак Обама да Франсуа Олландпен телефон арқылы тілдескені белгілі болып отыр. Бірақ, Елисей сарайының иесі америкалық әріптесінің сөзіне сенді ме, ол жағы белгісіз. Алайда, телефон тыңшылығы туралы ести салысымен Франсуа Олланд шұғыл түрде қауіпсіздік кеңесін жинап, жабық жиын өткізгені белгілі. Ал, мән-жайды түсіндіру үшін Франциядағы АҚШ елшісін шақырыпты. Бұл америкалық арнайы қызметтің тыңшылыққа қатысты алғашқы жанжалы емес. Бұрынырақ Германия канцлеры Ангела Меркелдің телефон әңгімесін тыңдалды деген дау шыққан болатын. Guardian басылымы бұрынғы тыңшы Эдуард Сноуден АҚШ әлемде 35 мемлекеттің басшысына қатысты ақпарат жинағанын мәлімдегенін жазады.

Джон Керри, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

Президент Олландты аңду нысаны ретінде қарастырған емеспіз. Біз достарымызды, оның ішінде Олландты ешқашан нысанаға алмаймыз. Ең бастысы біз ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретін себептер болмаса, сыртқы тыңшылықпен айналыспаймыз. Ал, маған белгілісі нақ осы жағдайда ондай себептер жоқ.

Берік ХАСЕНОВ