Русский Сайттың толық нұсқасы

Дүниежүзілік Банк тобының құрамына кіретін IFC ұйымы Қазақстанның энергетика саласына инвестициялар құймақ

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2015
  • 1370

Дүниежүзілік Банк тобының құрамына кіретін IFC ұйымы Қазақстанның балама энергетика саласына инвестиция жұмсауға ниетті. Бүгін «Қазақстандағы баламалы энергетика жобаларын дамыту үшін әлемдегі ең озық тәжірибені қолдану» тақырыбында өткен семинарға жеке девелоперлер, инвесторлар, халықаралық және жергілікті энергетика саласының мамандары қатысып, балама энергия көздері саласындағы жобаларға қатысты пікір алмасты. Мәселен, Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынша, еліміздің энергия мұқтаждығы 2035 жылға қарай екі есе артады. Халықаралық қаржы корпорациясы ұйымының Еуропа және Орталық Азиядағы директоры Томаш Тельманың айтуынша, Қазақстан соңғы онжылдықта мұнай, газ және көмір секілді энергия көздерін аса ірі көлемде пайдаланған. Мемлекет энергия жұмсау деңгейі бойынша бірінші он елдің тізіміне де кірген. Салдарынан елде жақын жылдары энергия тапшылығы орнауы мүмкін. ««Алдағы «Экспо 2017» көрмесі баламалы энергетика тақырыбында өтеді. Осыны пайдалана отырып, шетелден инвестициялар тарту арқылы Қазақстанның жаңартпалы энергия көздері саласындағы мүмкіндіктерін жүзеге асыру қажет» - дейді Томаш Тельма.

Томаш Тельма, IFC Ұйымының Еуропадағы және Орталық Азиядағы директоры:

Біздің ойымызша, жаңартпалы энергия көздерін енгізу - ел экономикасының тұрақты түрде өсуінің қажетті шарты. Сондықтан, Халықаралық қаржы корпорациясы ұйымы жеке-меншік инвестицияларды тарту және мемлекеттік және жеке-меншік секторлардың әлеуетін күшейту арқылы, Қазақстанға баламалы энергия көздері саласындағы мүмкіндіктерін жүзеге асыруға көмектеспек.

Жұрағат БАМАН