Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық палата ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушер үшін Үкіметтен көмек сұрайды

  • AstanaTV
  • 25 маусым 2015
  • 1053

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 46 кәсіпорын соңғы девальвация кесірінен 24 млрд теңге шығынға батқан. Кейбір компаниялар 200-ге тарта жұмысшыны қысқартып тастаған. "Атамекен" ұлттық палатасы өкілдері бүгін Үкімет басшысына елдегі кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың жағдайы мүшкіл екенін баяндады. Жиыннан кейін арнайы брифинг өткізген Ұлттық палата басшылығы, рубльдің құлдырауынан Ресей импорты 11 пайызға өскенін, атап өтті. Ал жарты жылдан соң, рубль қайта күш алады, бағам теңеседі деген сарапшылар болжамы орындалған жоқ. Керісінше, көрші ел экономикасы қазіргі валюта бағамына әбден "бой үйретіп" алды, дейді кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов.

Тауар бағасының айырмасы салдарынан былтыр қазан мен сәуір айлары аралығында қазақстандық тұтынушылар Ресейге барып, 2 млрд 800 млн доллар ақша жұмсап қайтқан. Ұлттық палата тығырықтан шығудың үш жолы бар деді: ол рубль мен теңгенің айырмасын субсидиялау; кеден арқылы белгілі бір тауар түрлерін алып сатуға шектеу қою; немесе валюталар бағамын теңестіру.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» КҰП басқарма төрағасы:

Кентауда 280 адам қысқарып жатыр. Мен осы февральда да айттым. Біздің тұтынушылар, әрине, айтады жақсы болды, ана Ресейден жеңіл тауар алып жатырмыз деп. Жақсы алайық. Ал жұмысты қайдан аламыз? Отбасыларымызды қалай асыраймыз. Ертең күзде жұмыс орны қысқарады. Субсидияны айттық, тапсырма берілді, тиісті Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір аптаның ішінде қаралады, 20 млрд автомобиль саласына табылды ғой. Меніңше, 24 млрд бүкіл тамақ өндірісіне табуға мүмкіншілік бар деп ойлаймын.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ