Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жыл басынан бері 18 шенеунік тәртіптік жазаға тартылған

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2015
  • 1219

Алматыда жыл басынан бері 18 мемлекеттік қызметкердің ісі, тәртіптік кеңесте қаралған. Оның ішінде 4 шенеунік жұмысынан босатылды. Бұл туралы Алматы әкімдігінде өткен кезекті кеңес отырысында белгілі болды. Кеңес мүшелері тағы 2 адамның ісін талқылап, тиісті шешім шығарды. Қалалық статистика департаменті басшысының орынбасары Дархан Исаев пен осы мекеменің заңгері Нұргүл Смайылова өз қарамағындағы мамандардың бірін қызметінен заңсыз босатқан. Олар бас маманды ішкі қызметтік тексеру жүргізбестен, жұмыстан шығуға мәжбүрлеген. Алматы қаласының тәртіптік кеңесі жұмысынан айырылған департамент қызметкерінің арызын қарап, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң сөгіс жариялау туралы Министрлікке ұсыным-хат жолдады. Сондай-ақ табиғи монополиялар мен бәсекелестікті қорғау департаментінің жетекшісіне қатысты істі сыбайластық жемқорлық жөніндегі Кеңестің қарауына жіберді. Шенеуніктің өткен 5 айда 238 мың теңге көлеміндегі жалақыны жүргізушісінің атына жазып, өзі алып келгені белгілі болған.

Кенжехан Матыжанов, Алматы қалалық тәртіптік кеңесі мүшесі:

Әрине кеңестің кезекті мәжілісінде қаралған істер. Ал шын мәнінде Алматыда мұндай заң бұзушылықтар баршылық. Осының алдын алып, алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлердің қызмет көрсетудегі білімін, сапасын қадағалау қажет. Кадрлық салаға бұдан былай да қатаң қарайтын боламыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ