Русский Сайттың толық нұсқасы

Есірткі саудалаған полиция қызметкерлеріне қатысты үкім

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2015
  • 1614

Таразда «есірткі тасымалдау» қылмысы бойынша айыпталған екі бірдей тәртіп сақшысы сотталды. Енді жазаны жалпы режимдегі түзету колониясында өтейді. Қалалық нөмірі 2-ші сот ішкі істер саласында 10 жылдан бері істейтін тәжірибелі майор Жанболат Қожақовты және оның сыбайласы ретінде жауапқа тартылған капитан Жамбыл Алашбаевты шендерінен де айырды.

Ернар Жаманқұлов, Тараз қаласындағы №2 соттың судьясы:

Алашбаев Жамбыл Тәжібаевич ҚР ҚК 296 бабы, 4 бөлігімен, 362 бабы 4 бөлігінің 3 тармағымен, 416 бабының 3 бөлігімен кінәлі деп табылып, дәл осындай баппан Қожақов Жанболат Төреханович кінәлі деп табылып, осы баптармен Алашбаевқа 6 жылға, Қожақовқа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Еске салайық, Тұрар Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Жанболат Қожақов пен Тараз қаласы ІІБ №3 полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Жамбыл Алашбаев үстіміздегі жылдың ақпанында заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен қолға түскен болатын. Сот залындағы оқылған деректерге сүйенсек, қос бірдей тәртіп сақшысы қызметте өсу мақсатында бейбіт тұрғынға, есірткіні заңсыз «тықпалаған». Жанболат Қожақов жұмыс барысында 205 граммнан аса гашиш тауып алады. Артынша, не есірткіні жойып жібермеген, не ол «олжасы» жайлы хаттама да толтырмаған. Бірден арам ойға беріліп, «басқа біреуден тауып алдым», - деп басшылығына баяндамақ болған. Лезде өзінің қызметтегі әріптесі Алашбаевпен сыбайласып, есірткі арқасында еңбегіміз ескеріледі деп сөз байласады. Гашишті тұрғынды тінту кезінде таптық деп жұмыс нәтижелерін жақсартуға мықтап кіріседі. Алайда, арызданушы адамның заң орындарына шағымдануы нәтижесінде жымысқы әрекеттері жүзеге аспаған.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ