Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда үлкен дәмхана мен көпқабатты үйдің шатырлары өртенді

  • AstanaTV
  • 29 маусым 2015
  • 1116

Демалыс күндері, Қызылжарда қаланың қақ ортасында орналасқан үлкен дәмхана өртенді. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, жалын ас үйінен шығып, бірден шатырға көшкен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дереу жетсе де, қызыл жалынды көпке дейін ауыздықтай алмаған. Қырсық шалғанда, жел қарсы бағыттан соғып, тілсіз жау жақын тұрған көпқабатты баспананы да орап алды. Құтқарушылар баспанадағы жүзден астам адамды далаға шығарып, тұрғын үйдегі газ бен жарықты сөндірген. Өрт бес қабатты үйдің төбесіне тарап, шатырды күл-қоқысқа айналдырды. Отпен арпалысқан төтенше жағдай мамандары тілсіз жауды  3 сағаттан соң сөндірді. Абырой болғанда, зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазір құзырлы мекеме өкілдері шығын көлемін анықтап жатыр. Алайда, отқа оранған баспана иелерінің құтқарушылардың әрекеттеріне көңілдері толмай отыр. «Өрт сөндірушілердің салғырттығынан жағдай ушығып кетті», - дейді олар.

Анатолий Плешаков:

Не сұмдық? Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Дәмхана жанып жатқан кезде, біз өрт сөндірушілерге «отты баспана жақтан сөндіріңдер» деп айттық. Сонда өрт үйге тарамай, көпқабатты баспана аман қалар еді. Қазір үйім суға толып тұрған шығар.

Евгений Журавлев - СҚО ТЖД Баспасөз қызметінің жетекшісі:

Төтенше жағдай орнында бірнеше тәулік бойы құтқарушылар кезекшілікте тұрады. Егер де от қайта тұтанса, біз оны дереу ауыздықтауға дайынбыз. Жалпы, өртті сөндіру үшін 22 бірлік техника және жетпістен астам қызметкер жұмылдырылды. Су жеткілікті болды. Оны жақын маңдағы гидранттардан сордық.

Абзал ҚҰРМАНКИН