Русский Сайттың толық нұсқасы

Құйын тұрғындардың зәресін ұшырды

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2015
  • 1730

Өткен жұмада Қостанай облысы Сарыкөл ауданының орталығында құйын соғып, 12 адам жеңіл жарақат алған. Бұл ақпарды аудандық аурухана өкілдері растап отыр. Табиғаттың тосын мінезін тұрғындар түсіріп алған мына көріністен анық аңғаруға болады. Екпінді жел соққан күні елді-мекенде аудандық спартакиада өтіп жатқан. Ұйытқыған құйын жиналған жұрттың зәре-құтын қашырады. Қатты желдің қарқынына шыдас бермеген сауда орындарының шатырлары қирады. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Тек сүрініп құлап, тізелері мен қолдарын жаралап алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді,-дейді аудандық аурухананың дәрігерлері.

Гүлнәр Ғалиева, Сарыкөл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Сол күні жедел жәрдем көлігімен стадионнан жеңіл жараланған 10 адам ауруханаға жеткізілді. Кешке қарай тағы 2 адам өздері келіп қаралды. Олардың арасында қатты жарақат алғандары жоқ.

Синоптиктер табиғи құбылыстың «құмды құйын» екенін айтып отыр. Сол мезетте ескен желдің жылдамдығы секундына 25 метрге жетіп, құйынның биіктігі шамаман 5 қабатты үймен бірдей болған. Мамандар «мұндай құбылыс сирек кездеседі, әйтсе де қалыпты жағдай», - деп отыр.

Татьяна Косенко, «Қазгидромет» РМК Қостанай облысы филиалының синоптик-маманы:

Кәдімгі «құмды құйын». Аудан орталығындағы біздің метеостанция солай сипат беріп отыр. Бұл құбылыс жел жылдамдығының күшеюі мен ауа қысымының күрт төмендеуінен пайда болады. Сондықтан ол ешқандай дауыл, тарнадо емес.

Заңғар САНАЙ