Сыртқы
Істер министрлігі оңтүстік шекараға
жақын аумақта қазақстандық азаматтың қаза табуына орай Өзбекстанға арнайы нота
жолдады. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлімдеді. Оның
айтуынша, құзырлы ведомство қазақстандық азаматтың өліміне байланысты жағдайды
жан-жақты тексеруді көрші елдегі жауапты органдардан талап еткен. Қазақстан
азаматтарына қатысты қару қолдану өрескел және ақылға қонымсыз шара екенін айта
келе, министрлік өкілі бұл жағдай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық әрі
бауырлас қарым-қатынастарға кереғар келетінін де атап өтті. Осыған байланысты
шұғыл түрде министрлікке Қазақстандағы Өзбекстанның елшісі шақыртылғанын жеткізді.
Алтай
Абибуллаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар бойынша елшісі,
ресми өкілі:
Жалпы
Қазақстан азаматтарына қатысты қаруды қолдануы бізге мүлдем саясатымыз бен
қағидаттарымызға қайшы келелін атап өткім келеді. Осы ретте Қазақстан
Республикасының Сыртқы істер министрлігімен тиесілі нота дайындалып, бұл нота
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның Ташкенттегі елшілігі арқылы
табыс етіледі. Сонымен қатар, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі осы нотаны
табыс ету мақсатында Қазақстандағы Өзбекстанның елшісін шақырып, соған табыс
етеді.
Екі
елдің шекара қызметтері өзбек шекарашыларының қазақстандықты өлтіру фактісі
бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл
туралы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметі
мәлімдеді. Хабарламада «28-ші маусым күні Сарыағаш шекара жасағынан «Сырдария
өзенінің жоғарғы жағында» атыс естілгені туралы хабар келіп түсті», - делінген.
Шекара жасағы оқиға орнына келгенде Сырдария өзенінің Қазақстан жағындағы
бетінен моторлы қайықтағы екі азаматты тапқан. Оның біреуінің қаза болғаны
анықталды. Екеуі де Қазақстан азаматтары. Олар 1989 жылы туған Жеңіс
Бақышев және қаза тапқан азамат 1978
жылы туған, Қызыл әскер елді мекенінің тұрғыны Уәлихан Ахметов болып шықты. Құқық қорғау органдары осы
оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Әбусағит
Төлегенов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқарма бастығының
орынбасары, полковник:
Қазақстан
Республикасының шекара қызметі Өзбекстан Республикасы Шекара қызметінің
өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Өзбекстандық тарап шекара жасағының қару
қолданғанын растап отыр. Өзбекстан Республикасының ақпаратынша, қазақстандық
азаматтар моторлы қайықта отырып, Өзбекстан мемлекетінің аумағында балық
аулаған. Алайда аман қалған Бақышев мұны мойындамай отыр, оның айтуынша, олар
балықты Сырдария өзенінің ортасынан, яғни мемлекеттік шекара аумағында аулаған.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан Республикасының Шекара қызметі екіжақты
тексеріс жүргізіп жатыр.
Берік
ХАСЕНОВ