Русский Сайттың толық нұсқасы

Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысы-2015» турнирінің жеңімпазы

  • AstanaTV
  • 06 шілде 2015
  • 1768

«Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің финалдық кезеңі аяқталды. Турнирдің бас жүлдесін бұл жолы да Бейбіт Ыстыбаев жеңді. Ол жарыстың екі дүркін жеңімпазы атанған алғашқы балуан. Бесінші рет ұйымдастырылған алыптар аламаны Қазақстанның ең ауқымды жобасына  айналып үлгерді. Биыл  қалыптасқан ереже бойынша «Қазақстан Барысы» турниріне еліміздің әр аймағынан іріктелген 32 балуан мен былтырғы жылғы жарыстың жеңімпазы Мұхит Тұрсынов жолдама алған. Балуандардың  сайысының  ақтық айқасында «Тараз арланы» деген лақап атпен шығып жүрген Бейбіт Ыстыбаев «Сыр арланы» Руслан Әбдіразақовпен белдескен еді. Екі апайтөс біразға дейін бір-бірін еңсере алмады. Алайда, ұпай санымен Бейбіт Ыстыбаев жеңіске жетті. Еске сала кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен «Қазақстан Барысы»  республикалық турнирінің жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрады. Бұл турнир телеарналар арқылы әлемнің 126 еліне таратылып, көрермен аудиториясы 1 миллиард адамнан асты.

Бауыржан Байбек - «Нұр Отан» Партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары:

«Қазақстан барысы» жобасы еліміздің Елбасы саясатымен жүзеге асырған барша жетістігін Елордамыздың сәнімен салтанатын, ұлттық құндылықтарымызбен бірегей дәстүрімізді әлемге таныттар мерекеге айналғанын көрсетеді. Осынау іргелі шараларды қолға алудағы басты мақсат Елбасы ұсынған халықтық 5 реформада айтылғандай жалпы ұлттық мұраттармен құндылықтарды жүзеге асыра отырып Мәңгілік ел болудың алғы шарты. Болашағы біртұтас жасампаз ұлттың берік негізін қалыптастыру.

Берік ХАСЕНОВ