Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанаға ресми сапармен Үндістан премьер-министрі Наренда Моди келді

  • AstanaTV
  • 07 шілде 2015
  • 1453

Бүгін Астанаға ресми сапармен Үндістан премьер-министрі Наренда Моди келді. Бұл үнді премьерінің Шанхай ынтымақтастығы ұйымы және БРИКС-тің Уфадағы үлкен саммиті алдындағы Орталық Азия мемлекеттеріне жоспарлаған үлкен сапарының басы.

Үндістан үкіметі басшысы ертең Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі деп күтілуде. Іссапар күн тәртібінде сондай-ақ бизнес форумға қатысу және Назарбаев университетінде дәріс оқу жоспарланған. Айта кетерлігі, бұл үндістандық жоғары делегацияның Орталық Азия мемлекеттері егемендік алғалы бергі алғашқы сапары. Ол Үндістан 2012 жылы жариялаған «Орталық Азиямен байланыса отырып» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жаңа стратегиялық қарым-қатынас орнатудың алғашқы қадамы болуы мүмкін.

Наренда Моди Қазақстаннан кейін шілденің 8-10 аралығында Уфада өтетін ШЫҰ және БРИКС саммитіне аттанады. Одан кейін премьер Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстанға ат басын бұруды жоспарлап отыр. ИНТЕРФАКС агенттігінің хабарлауынша, Уфа саммитінде бірқатар маңызды келісімдер жасалуы тиіс. Мәселен, Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдегендей, саммит барысында Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ қатарына кіруі мүмкін. Ушаков Уфа саммиті қос ұйым жұмысының бағасы берілетін жиын дейді. Саммиттің қорытынды құжатында сондай-ақ Украина дағдарысы да көрініс табады. Юрий Ушаковтың сөзінше, екі ұйым мүшелері де шиеленістің дипломатиялық шешімін іздейді. Олар Минск келісімдерінің барлық талаптарының сақталуын қолдайды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ