Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайдағы көне мешіт коммуналдық меншікке берілді

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2018
  • 6299

        Қостанайда көне мешітті жөндеуге ақша жоқ. Екі жылдан бері есігіне қара құлып салынған Марал ишан мешіті ақыры коммуналдық меншікке берілетін болды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жөндеу жұмыстарына ақша таба алмаған. Ел арасында Ақмешіт аталып кеткен ғибадат орыны бір ғасыр бұрын салынған. Заңғар Санай осы орайда облысы әкімінің пікірін біліп көрді.

        «Ақмешіт» еліміздегі ең көне мешіттердің бірі. Діни нысанның іргетасы 1893 жылы қаланған. Мешіттің салынуына сол тұстағы өңірдің болыстары мен қажылары қаржылай қолдау көрсетіп, татар көпесі Әбдуәлі Яушев құрылысты өз мойнына алған көрінеді. Бұл жерде бір мыңға жуық адам бір мезетте намаз оқи алады. Марал ишан Құрманұлының есімі берілген орталық мешіт осыдан екі жыл бұрын уақытша жабылды. Төтенше жағдайлар департаменті іргетасы үш жерден жарылған мешітте ғибадат ету қауіпті деген шешім шығарған. Алайда ескі мешітті жамап-жасқауға ешкім қаражат таппады. Діни басқарма өкілдігі тіпті облыс орталығындағы үш мешіттің коммуналдық төлемдерін өтей алмай отыр. Қазірдің өзінде 5 миллионға жуық қарызы бар. Сондықтан мешітті коммуналдық меншікке өткізуден басқа амал жоқ, дейді.

Бахытбек Тәжімбет, ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы:

Бұндай біраз облыста бар нәрсе. Бар дүние. Ол бір шеті музей болса, бір жағынан сол мешітті ұстап тұруға да ертең үлкен септігі тиеді деген мақсатта. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төралқа жиналысында осындай шешім шығарылды.

        Мешіттің мәселесіне бүгін облыс әкімі де араласты. Ол екі жылдан бері есігіне қара құлып салынған ғибадат орыны қалпына келеді деп сендірді.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

Кейбір адамдар, БАҚ өкілдері дау көтергісі келеді. Мен өзім сіздерге мәлімет берейін деп отырмын. Біріншіден, ешқандай дау көтерудің қажеті жоқ. Бұл мәселе менің жеке,тұрақты бақылауымда. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Ерлан Қалмақов, Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы: Мешіт ғимаратын коммунальдық меншікке беру туралы құжаттар біраз уақытқа созылды. Қазіргі таңда осы құжаттарды рәсімдеу толығымен аяқталды. Енді аталған ғимараттың күрделі жөндеуін жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлінуін қарастыруыңызды сұраймыз.

Осылайша қаржыдан қысылған діни басқарма бюджетке "алақан жаюға" мәжбүр. Екі жылдан бері Алла үйін жөндеуге Тобыл өңірінің кәсіпкерлері де құлық танытпады. Мешітті қалпына келтіруге қанша сома керегі, жобалық-сметалық құжат әзір болған соң айтылады.

Санай З.