Полицейлер азаматтардың құқығын дұрыс қорғамайды. Үкімет отырысы кезінде Премьер сұрақтың астына алған Ақтөбе облысының бас полицейі осылай деп мәлімдеді. Мұны Махамбет Әбісатов сасқанынан айтқан жоқ. Ол Соттардың келтірген дерегімен бөлісті. Елде тіркелген қылмыстардың 70 пайызы тұрмыстық жағдайдағы келіспеушіліктерден туындайды. Отбасы ошақ қасындағы кикілжің 46 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан, Қарағанады мен Қостанай облыстары көш басында.
Алдымен Министрдің есебін тыңдап алған Премьер өңірлерді тергеуге өзі көшті. Осы кезде Ақтөбе облысының бас полицейі Махамбет Әбісатов жұмыста жіберетін олқылықтарды мойындап жіберді. Айтуынша, бұзақылық үшін аса ауыр қылмыс жасады деген 20 істі сот дәлел-дәйек жетпеген соң кері қайтарыпты.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
Аса ауыр қылмыс 48,8 пайызға,адам өлімі 91, тонау 25, ұрлық жасау 21 пайызға өскен. Себебі неде?
Махамбет Әбісатов, Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшысы:
Негізі біз азаматтардың конституциялық құқығын бұзып отырмыз. Оларға ауыр жаза арқалатамыз. Кейін мұны сот кері қайтарады.
Ал, министрдің мәліметінше, мас күйінде қылмыс жасайтындар саны артқан.Қазір ІІМ-нің қарамағында 70 мыңға жуық маскүнем тіркеуде тұр. Былтыр күшпен емдеуге жіберген 5 300 адамның 1 000-ға жуығы орын жетіспеген соң, ем-дом қабылдамаған. Маскүнемдер қылмысы әсіресе екі өңірде өршіп тұр. Көрсеткіш Астанада 22%, Маңғыстау облысында 15%-ға өскен. "Қызу" жүргізушілер саны да азаймай тұр.
Қалмұхамбет Қасымов, ҚР Ішкі Істер министрі:
Тек осы жылы 2,2 млн.нан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Көбі фото түсеру жүйелерімен анықталған. Бюджетке 8,9 млрд теңгеден астам айыппұл түсті. 18 мың мас жүргізуші ұсталды. Ал, 2,2 мың адам әкімшілік қамауға алынды.
Ал, жолполдықтар білімсіз. Бүгін министрдің өзі осылай деді. Оларды оқытып, офицерлер қатарына қабылдауды қолға алыпты. Премьер мұның қоғамға пайдасын білгісі келді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
Осы сол сержанттар офицерлік қызметке ауысқан соң не өзгерді? Ол енді бірінші айлығы көтерілді, екінші онда жоғарғы білім бар ғой, мына сержанттардың бәрі білімсіз. Оның бәрі жақсы қарапайым халық тұрғысынан келгенде, кеше оны сержант қорғаса енді офицер не өзгерді? Енді мен далада жүрем қорықпаймын, қылмыс азайды ма, енді мен сенімді жүре аламын ба? Соның бәрін ұйымдастырамыз, бәрі болады.
Арнайы брифинге Қалмұхамбет Қасымов атышулы қылмыстық істерге қатысты түсінік бере кетті. Денис Тэн өлімі, шет ел азаматының қатысуымен алматылық жедел жәрдем көлігінде болған сойқанға тоқталды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр жуырда іс сотқа жолданады, дейді Бас полицей. Тілшілердің қолына түсе бермейтін бірінші басшыға қойылатын "дәстүрлі" сұраққа Қасымов та жауап берді. Орынбасары заң бұзса, ол жазаны бірге арқалуға әзір.
Қалмұхамбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
Әр жағдайда оны тексеру керек. Ал, орынбасарым осындай қылмыс істесе, әрине біз отставкаға кетуіміз керек.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Айтпақшы, ІІД-де ребрендинг. Бұдан былай ол «Полиция департаменті» деп аталады. Астана қаласының Полиция департаменті жаңа атаумен қоса жаңа ғимартқа ие болды. Бүгін астаналық полицейлерде қоныс тойы. Бұрынғы «Рамада плаза» қонақ үйінің тақтайшасы да бір күннің ішінде өзгеріп кетті.
Бакдаулет Д.