Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада жылдың ең ірі медиа-оқиғасы - «Astana Media Week-2018» басталды

  • AstanaTV
  • 26 қыркүйек 2018
  • 4186

    Қазақстандық медиа нарықты дамыту, ақпараттық байланысты нығайту. Бұл - бүгін ашылған «Astana Media Week» шарасының басты тақырыбы. Елдегі ірі медиа апталыққа 2 мыңнан астам БАҚ өкілдері, сарапшылар, PR мамандары қатысып жатыр. Шара аясында республикалық және аймақтық арналар үшін контент маркет те ұйымдастырылған. Бұл дайын отандық өнімді сату және сатып алу бойынша таптырмас алаң. Оған қоса өнім сапасын арттыру жөнінде пікірталастар өтіп жатыр. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев "Астана" арнасына берген сұхбатында да, қазіргі көрерменнің отандық өнімге деген сұранысының зор екенін атап өтті.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

Қазір біз байқаған шығарсыздар, көрермендер қазақстандық өнімге көп көңіл бөліп жатыр. Ол деген осы сапаның да көрсеткіштерін де өсуі деп айтуға болады. Бүкіл дүниежүзіне бірдей қазақстандық теледидар дамиды деп ойлаймын.

    Яғни, телевизия өлмейді, тек заман талабына сай өзгереді. Бұл туралы шара қатысушылары Media Talks алаңында да сөз қозғады. Мәселен, "Астана" телеарнасының Бас директоры Ләззат Танысбай, көрермен толықтай интернетке бет бұрады деген сөзбен келіспейтінін айтты. Тәуелсіз зерттеу компаниясының дерегі бойынша қазір қазақстандықтардың 54 пайызы күн сайын теледидар көреді. Ал айына бұл көрсеткіш 90 пайызға жетеді. Сәйкесінше, жарнамадан түсетін қаржының басым бөлігі, анығы - 64 пайызы отандық арналардың үлесінде. Оның үстіне ғаламтордағы өнімді де, телевидение жасап отыр деп қосты арна басшысы.

Ләззат Танысбай, «Нұр-Медиа» Холдингінің бас директоры, "Астана" Телеарнасының бас директоры:

Күнделікті жұмыс форматын заман талабына сай жаңартып отыруға мүмкіндігіміз бар. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы журналистика орынында тұрған жоқ. Ақпараттық сала күн сайын қарыштап дамуда. Журналист мамандығын игеру үшін іс жүзіндегі тәжіриебеге наза аударған жөн. Жастар үшін телеарна алаңында тәжірибе жинап, шыңдалған өте маңызды.

Ал ертең «Өңірлік БАҚ форумы» өткізіледі. Сондай-ақ Astana Digital Forum өтеді. Онда беделді сарапшылар 2018 жылғы Digital-маркетинг трендтерін талқылайтын болады. Апталықтың жабылу салтанатында елдегі үздік баспасөз қызметі жарияланады.

Сапарқызы Д.