Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ жаңғырамын десе... Сейілбек Шаухамановтың ой-толғауынан

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2018
  • 6474

Иә, мұның бәрі үлкен саясат тақтасы. Маңызды. Дегенмен күн тәртібінде кәдімгі тіршіліктің түйткілдері тұрады. Бір мақалаға елең еттік. «Қазақ жаңғырамын десе...» Авторы тамыз айында дүниеден өткен мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов. Ол кісінің ой-толғауынан үзінділер келтіруді жөн көрдік. Себебі, өте маңызды дүниелер.    

...Мәңгілік ел болу үшін, өркениетті, өнегелі халық болу үшін, тарихтан тағылым алу үшін, болашағымыз баянды болу үшін, рухани жаңғыру үшін алдымызда тағы да бірнеше аса жауапты, тағдырлы міндеттер тұр.

Ол шілдеханадан бастап, жаназаға дейінгі, тал бесік пен табыттың арасындағы ...дәстүрлерімізді уақыт, заман талабына сәйкестендіріп, артығын алып тастап, жетпегенін жетілдіріп, жаңартуымыз, жаңғыртуымыз керек.

...Тойға жарыспен, бәсекемен, даңғазылықпен, дарақылықпен есепсіз көп адамдардың шақырылуы. Тойға біздіңше, туыстар, жекжаттар, әріптестер, достар, жолдастар, өзің жақын білетін, өзіңді жақсы танитын, жақсы көретін, отбасылық қарым-қатынастағы тілеулес адамдар ғана шақырылуы керек.

...Тойға жарыспен, бәсекемен, даңғазылықпен, дарақылықпен есепсіз көп адамдардың шақырылуы. Тойға біздіңше, туыстар, жекжаттар, әріптестер, достар, жолдастар, өзің жақын білетін, өзіңді жақсы танитын, жақсы көретін, отбасылық қарым-қатынастағы тілеулес адамдар ғана шақырылуы керек.

Той-томалаққа негізінен тек қолында байлығы, билігі бар адамдар ғана шақырылады. Онда жетімді, жесірді, мүгедекті, жоқ-жұқаны, кем-кетікті, төңірегіміздегі мыңдаған әлжуаз, қамқорлыққа зәру топтың бірде-бір уәкілін көрмейсің. Осының өзі нағыз әділетсіздік емей, немене? 

Тойлардың басым көпшілігінде нағыз аста-төк ысырапқа жол берілуі. Ислам қағидаларында ысырапты шайтанның ісі деп бағалайды. Қажет пе, қажет емес пе, жей ме, жемей ме, онда ешкімнің де шаруасы жоқ, әйтеуір дастарқанды толтырып, жайнатып қою міндет. Көп жағдайда есепсіз, талғамсыз дайындалған тамақтың 70-80 пайызының ысырап болуы ешкімді де ойландырар емес. Тіптен банкіден несие алып, той жасап, кейін қарызын қайтара алмай қиналып жүрген жандар қаншама?

Ал енді осы той-томалақтарды қалай реттеуге болады? Той жөнінде Өзбекстан, Тәжікстан президенттерінің, Қытай басшылығының арнайы жарлық шығаруы, Елбасының бірнеше рет ерекше ескертпе жасауы, тегіннен тегін емес.

 Тойлар қандай шарттарға, қандай талаптарға, қандай өлшемдерге жауап беруі қажет? Міне, бұл да ел-халық та­дырына жауапты, жанашыр, жаңашыл, көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматты ойландыруы керек.

Ал енді астардың кемшілігіне, теріс тұстарына келер болсақ, жоғарыда толық дерлік талданған тойлардың кемшіліктері, өкінішке орай, астарда да айна қатесіз түгелдей қайталануда.

Ең өрескел кемшілік сол, кейінгі кезде астардың дастарқан мәзірі тойлардікіне теңесіп, есепсіз ысырапқа жол берілуде. Ас дастарқанына желінетін де, желінбейтін де, қажет те, қажет емес те, тегі дүдамал тағамдар талғамсыз қойылуда. Тіптен ішімдікке бейімделген ащы салаттар, колбаса, сыр, селедка бәрі-бәрі бар. Құдай-ау, қазақтың дастарқаны қай заманда осындай болып еді? Көп жағдайда дайындалған тамақтың төрттен үш бөлігі желінбей қалады.

«Айтып өткен ақында арман бар ма?!» дегендей, біздің үлкендік міндетіміз – парызымыз айтып кету. «Айтарыңды айтып кет, айта алмайсың қайтып кеп» деген сөздер де біздердей кісілерге, жасы шектеулі ақсақалдарға арналса керек.

Олай болса, ұлттың тағдырына тікелей байланысты осындай ұлағатты әңгімені бүгін айтпағанда, қашан айтамыз, сіздерге айтпағанда, кімге айтамыз?

Бұл мақаладан үзінді ғана. Толық нұсқасы «Айқын» газетінде. Осы мәселелерге байланысты бірнеше материал дайындаған біздер «дөп сөзді» оқып, өзгелер де оқыса, ой салса деп үміттеніп қалдық.