«Алматы су» мамандары борышқа кіргендердің есігін қағу әдетке айналды дейді. Бүгін кәсіпорын арнайы бригадаларын рейдке шығарды. Түркісіб ауданындағы мына үйде бірнеше пәтер коммуналдық төлемдер үшін қарыз. Бірақ, төлеуге асықпайды. Арасында бес айдан бері 1 тиын төлемегендер де бар.
Кәсіпорын мамандарымен бірге бүгін касса қызметкері де борышкерлердің үйіне барды. Қарыз сол жерде төлегендерге фискальдық чек берілді. Ал, тексерушілердің келгенін біліп, есікті ашпағандарға үйдің шатыр арқылы орталық кәріз жүйесін бұғаттау әдісі қолданылды. Мынадай арнайы құрылғымен нақты қарызы бар пәтердің кәріз желісі уақытша істен шығады.
Самат ҚАМБАРБАЕВ, «АЛМАТЫ СУ» МКК ИНЖЕНЕРІ:
Екі айдан асқан қарызы бар пәтер иелеріне біз осындай шара қолданып жатырмыз. Айлап-жылдап төлемейтін абоненттер бар, оларды өшіру қиын. Өйткені «КСК»,«ПКСК»-лар бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасамайды. Күндегі уақытымыз осымен кетеді, есікті қағумен, пәтерлерді есігін қағумен. Бұдан да үлкен нәтиже көрсетуге болар еді. Бірақ, ең қиыны міне, подъездердің есігі жабық осылай.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Орталық канализация желісіне тиіспей-ақ, борышы бар пәтердің суы мен кәріз жүйесін бұғаттау ең тиімді әдіс, дейді мамандар. Мұндай баспана иелері екі-үш күннен кешікпей қарыздарын төлеуге мәжбүр болады. Бұғаттау процедурасы небәрі 10 минут уақытты алады.
Абоненттерді коммуналдық желілерден мәжбүрлі түрде ажырату өз нәтижесін бере бастаған. Жыл басынана бері қалада 3 мың пәтерге суық су мен кәріз жүйесін пайдалану тоқтатылған. Қазірге дейін солардың 80 пайызы қайтадан қосылған. Осылайша «Алматы су» коммуналдық кәсіпорыны дебиторлық қарыздарын 320 млн. теңгеден 122 млн. теңгеге дейін қысқартыпты.
Р. Асқарбекұлы