Қызылжарда аты дауға айналған бетон зауыты қайтадан іске қосылды. Соттың шешімін елемеген өндіріс ошағының бұл әрекетіне маңайдағы жұрт аң-таң. Бұған дейін тұрғындар бетон зауытына шағымданған еді. Бұқара бұрқыраған шаңды жұтып жатырмыз деп кәсіпорынды сотқа беріп, жеңген де болатын. Алайда, қарашаның қуанышы ұзаққа созылмаған көрінеді.
Петропавл тұрғыны Виктор Ипполитовтың әр таңы көлікті тазалаудан басталады. Айтуынша, бетон зауытының кесірінен көлікті күнде шаң басады. Темір тұлпарды күнара көлік жуу стансасына апарып, ақшам таусылды деп налиды ол.
Виктор ИППОЛИТОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көлігімді әрдайым сүртіп отырамын. Машинаны таза ұстаймын деп қаншама қаражатымнан қағылдым. Бұл жерде тұру мүмкін емес. Шаңнан ылғи тұншығып жүреміз. Цемент өкпеге көп зиян келтіреді. Бұл кәсіпорынды қаланың сыртына шығару керек.
Тұрғын үйлердің төңірегінен орын тепкен бетон зауыты 2015 жылы ашылған. Содан бері кәсіпорын сотта екі рет жеңілгенімен, ісін доғарар емес. Осылай деген жұрт бетон зауытымен арпалысып шаршағандарын айтады.
Айнагүл ИППОЛИТОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Зауыт шамамен екі айға ғана тоқтады. Тірлігіміз енді оңалып келе жатыр еді, кәсіпорын қайтадан іске қосылды. Үйдің терезелерін мүлдем ашпаймыз. Әйтпесе, шаң жиһазға сіңеді. Жуылған киімдерді де далаға іле алмаймыз. Енді бұл пәлемен қалай күресетінін білмейміз.
Экология департаменті бетон зауытынан зиянды заттарды шығаруға рұқсат беретін құжаттарды сот арқылы тәркілеген. Құзырлы орган кәсіпорынның екінші мәрте ұсыныс білдірмегенін айтады. Аталған департамент бетон зауытының қайтадан іске қосылғанын мүлде естімесе керек.
Азамат БЕКТАСОВ, СҚО БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Зауыт пен тұрғын үйлердің арасында санитарлық қауіпсіздіктің ара-қашықтығы 45 метр болуы тиіс. Біз екі нысанның ортасын санаған кезде 31 метр ғана шықты. Экология департаменті өндіріске рұқсат беретін құжатты алып қойды. Бұл құжат әзірге оларға қайтарылған жоқ. Біз кәсіпорынды жоспардан тыс тексере алмаймыз. Ол үшін тұрғындардың тарапынан шағым түсуі тиіс немесе бақылаушы органдардың тарапынан жолдама берілуі керек.
Кәсіпорынның заңсыз әрекеті жөнінде жауап алу үшін біз зауыттың өзіне жолығып көрдік. Алайда, басшылығымен сөйлесу түгілі, қақпадан аттап кіру мүмкін болмады.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Егер де тұрғындар қайтадан шағым түсірсе, онда экология департаменті дереу тексеріс жұмыстарын қолға алмақ. Өндіріс ошағының теріс амалы дәлелденсе, онда кәсіпорын 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлемек. Бірақ, бетон зауытына айыппұлды өтеу таңсық емес көрінеді. Кәсіпорын осы жылдың басында экологиялық талаптарды орындамағаны үшін 120 мың теңге төлеп үлгерген.
А.Құрманкин