Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда кәсіпкерлерді жекеменшік мектептер салуға тартпақ

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2018
  • 2642

Қарағандыда қалалық білім бөлімі кәсіпкерлерді жекеменшік мектептер салуға тартпақ. Бұл қаланың жаңа аудандарындағы мектеп проблемасын шешеді. Қазір оқушылар көрші ауданға қатынауға мәжбүр. Ал, ондағы мектептер балаға лық толы. Айжан Қуаш тарқатады.  

Даярлық тобының бүлдіршіндері мектептің мына аядай бөлмесінде оқуға мәжбүр. Қаладағы нөмірі 81-інші мектеп үш ауысымға көшкенімен, бүлдіршіндерге бөлме жетпей қалған. Білім ошағы бір мың 3 жүзге жуық оқушыға шақталған. Алайда биыл тағы 700 бала қабылданыпты.   

Анар СҰЛТАНБЕКОВА, №81 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: 

Әрбір бос жерлерді біз кабинет ретінде пайдаланамыз. Мысалға, киім шешінетін жерді біз кабинет ретінде бүгінгі күні пайдаланып отырмыз. Топқа бөлінетін пәндер бойынша мұғалімдер сол кабинеттерге барып жұмыс жасайды. Енді басқа біздің басқа амалымыз жоқ.

Бұл мәселе әсіресе «Күнгей» және «Бауыржан Момышұлы» аудандарында ушығып тұр. Жаңадан бой көтерген аумақта мектеп жоқ. Оқушылар жақын маңдағы білім ошақтарына баруға мәжбүр. Ондағы бір сыныпта 30-дан астам бала оқиды. 

«Қазір қаланың проблемалы аудандарында екі мектеп салынып жатыр. Алайда мәселе мұнымен шешілмейді. Сондықтан қалалық білім бөлімі кәсіпкерлерді жекеменшік мектептер салуға шақырған. Енді нақты ұсыныстар күтіп отыр». 

Татьяна ГОЛОВИНА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Қазір біз жекеменшік мектептерге тапсырыс беру арқылы балаларды тегін оқыта аламыз. Алайда Қарағандыда екі- ақ жеке білім ошағы бар. Сондықтан, жаңағы жаңа аудандарда және «Октябрь» ауданында жеке мектеп салу керек. Ол аумақтарға халық көп қоныстанып жатыр. Балалар көп. Кәсіпкерлерге ұсыныс жасауымыздың себебі де осы. Қазір қаржы және жүзеге асыру жолдары қарастырылып жатыр.  

Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынған бастаманы құптаған кәсіпкерлер бар. Мамандар осылай деп отыр. Алайда, санитарлық талаптарға сай ғимарат пен педагогтарсыз мектеп ашу мүмкін емес. Қазір қаладағы мектептердің өзінде 60-қа жуық мұғалім жетіспейді.  

А. Қуаш