Русский Сайттың толық нұсқасы

Авиация комитеті мен шекара қызметі әуе қауіпсіздігі бойынша жоспардан тыс тексеру өткізеді

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2018
  • 3332

Алматы әуежайында халықаралық бортқа кірген бөгде адамға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі тексеріс бастады. Бұл туралы біздің арнаға телефон арқылы сұхбат берген ведомствоның қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы хабарлады. Комитет мамандары мән-жайды анықтау үшін Алматы әуежайындағы бейнебақылау камераларының жазбасын сұратқан.  

Қанатбек СОЛТАНОВ, ҚР ҰҚК ШҚ БАҚ-ПЕН ЖҰМЫС ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:  

Аталған азамат ұшақ ішіне кірді ме, әлде науқас баласын ұшақтың сыртына алып барды ма?! Егер осындай жағдай орын алған болса, оған кім көмектесті? Осының барлығы қызметтік тексеру барысында анықталатын болады. Егер, шекара қызметкерінің кінәсі анықталатын болса, ол тиісті тәртіптік жазаға тартылады. 

Азаматтық авиация комитетінің өкілдері де кінәліні анықтау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтайтынын хабарлады. Айта кетейік, билетсіз адам «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы-Гонконг бағытындағы ұшағына кірген. Экипаж мүшелері ер адамды шыққан кезде байқаған. Сондықтан жолаушылар қайта тексеріліп, рейс кешігіп ұшқан. Ал, кейбір ақпарат құралдары бортқа мінген әнші Төреғали Төреәлі екенін хабарлады. Ол 14 қыркүйек күні отбасы мүшелерін бортқа дейін шығарып салған көрінеді.  

А. Бектас