Қостанайлық Василий Авдеенко жергілікті коммуналдық кәсіпорыннан қомақты қаражат өндіріп алды. Қала тұрғыны жауапкер тараптың кінәсін дәлелдеу үшін жарты жыл бойы сот табалдырығын тоздырғанын айтты. Василий Авдеенконың айтуынша, коммуналдық мекеме кәріз құбырын ауыстыру үшін қазған шұңқырды қоршамаған. Айналасына арнайы белгі де болмаған. Көктем кезінде жүйткітіп келген жүргізушінің көлігі терең орға тап болып, біраз бөлшектері істен шығыпты. Дөңгелегі де жарылған. Ал, құбыр ауыстыру жұмыстарын жүргізген «Қостанай-су» кәсіпорыны бірден көлікті жөндеуден бас тартқанын жеткізді. Қазылған жерді қоршамай қалдырып кеткендердің кінәсін мойындату үшін қала тұрғыны алты ай бойы сотқа жүгініп, мекеменің жауапқа тартылуын талап еткен.
Василий АВДЕЕНКО, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Залал құны 205 мың теңгені құрады. Соттан соң сол сомманы өтеп берді. Өз маңдай теріммен тапқан нәпақамды өзгенің қазған шұңқырына шашқым келмейді. Сондықтан, сот арқылы, жауапты тараптан қаражат өндіруді жөн санадым.
З. Санай