Русский Сайттың толық нұсқасы

Дәрігерге керек емес... Трансплантация проблемалары туралы

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2018
  • 5864

Трансплантация жасайтын дәрігерлер тағы дабыл қағып отыр – мәйіттен орган алу мүмкін емес болып кетті, мысалы, биыл Алматыда бірде-бір операция жасалмады, деп. Ал елімізде бүйрек ауыстыруы керек 3 мың, бауыр күткен 1 мың адам бар. Негізі заң бойынша дәрігерлер өлген кісінің дене мүшесін алуға қақысы бар. Бірақ ол норма орындалмайды. Былтыр Ақтөбеде 22 жастағы жігіт қайтыс болып, дәрігерлер туысқандарына айтпай, оның 2 бүйрегін алған оқиға есте. Жігіттің туыстары олай істеуге рұқсат бермегендерін шегелеп, наразылық білдірді. Бұл мәселені қарау барысында дәрігерлердің өлген адамның органдарын алуға қақысы бар екені тағы айтылды. Егер адам өлгеннен кейін донор болғысы келмейтінін жазып, қолхат қалдырмаса. Яғни тірі кезінде әркім өзі шешіп кетуі керек. Дегенмен қолхат болмаса да жаңа айттық, дәрігерлер трансплантация жасай алмай отыр. Мамандар Оңтүстік Кореяда қайтыс болған туысқанының органын алуға қарсылық танытпағандарға 10 мың доллар ақы берілетінін келтіріп, бізде де 10 мың болмаса да, ақы төленсе, жағдай өзгерер еді, деп есептейді. Бұл мәселеде әр адамның көзқарасы, сенімі, дүниетанымы сияқты аспектілер бар екені рас. Ришат Асқарбекұлының сараптамасы.

Айтжамал Шақытбаева соңғы бес жылдан бері бауыр трансплантациясын күтіп жүр. Елудегі әйел жыл сайын Сызғанов атындағы хирургия орталығына барып, тиісті емін алумен ғана шектеледі. Әр таңымды бір үміт, бір күдікпен атырамын дейді. Туыстық донорлық бойынша органын ауыстыруға мүмкіндігі болмай жүр. Бірақ мәйіттен алынған ағза болса, операция үстеліне жатуға дайын.

Айтжамал ШАҚЫТБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егер сондай жағдай болса, әрине біреуге өлім тілемеймін, мәйіттен алынған орган болса да келісемін. Кез келген адам сияқты мен де өмір сүргім келеді. Қаншама жыл қиналдым. Кешке дейін осылай дәрімен отыру шаршатып жібереді, адамды. 

Ал алматылық Дана Сасықованың жағдайы Айтжамалға қарағанда жақсы. Оған дәрігерлер 2012 жылы «бауыр циррозы» деген диагноз қояды. Науқасты осы аурудан құтқаратын жалғыз жол, әрине - транспантация еді. Туыстарының арасынан донор іздеген. Бірақ табылмаған соң, дәрігерлер мәйіттің бауырын салу туралы ұсыныс айтыпты. Алайда оның өзінде қажетті донор екі жыл өткен соң ғана табылып, ота жасалған. Сол күннен бастап өмірге жаңа келгендей келгендей күй кештім дейді Дана.  

Дана САСЫҚОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Донорларға келсек, бірі 23 жастағы жас жігіт екен, көлік апатына түсіп, қайтыс болған. Дәрігерлер хабарласып келуімді сұрады. Алайда туыстары рұқсат бермей қойды. Одан кейін де сондай жағдай қайталанды. Екі рет тауым шағылып, үмітім үзілгендей болды. Болды, енді күтпейін деп ойлаған едім. Сөйтсем, жанашыр адамдар бар екен. Көп ұзамай келісім берген отбасы табылды. Бірақ олар мені білмейді, мен оларды танымаймын, осы күнге дейін.  

Қазақстанда адам ағзаларын, соның ішінде мәйіт органын пайдалануға қатысты нарызылық трансплантология саласын мүлдем тоқырауға ұшыратуы ммүкін. Биыл жыл басынан бері еліміздің дәрігерлері мәйіттен алынған ағзалар бойынша бірде-бір ота жасамадық деп, дабыл қағып отыр. Тиісті заң бар. Бірақ оны орындауда медицина қызметкерлері тәуекелге баруға мәжбүр. Ақ халаттылар адам жанын арашалаудың орнына «тіленшінің» күйін кешіп отырмыз деп ашық айта бастады.    

Болатбек БАЙМАХАНОВ, А.Н. СЫЗҒАНОВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Әркіммен сөйлесу де оңай емес, туыстарына келіп, рұқсат беріңіз деп, бір тіленші сияқты. Олар «жоқ» дейді. Бұл біздің жұмыс емес. Заң бойынша адам қайтыс болса, келісім сұрамай жасай беру керекпіз. Біз адамшылыққа барып, сұрап жатырмыз. Бірақ ол да дұрыс емес. Ал егер сұрамасақ, осындай жағдай болып жатыр. Соттасу, артында әңгіме көп болып жатыр. Сұрамай алды деп айыптайды...

Заңда бұл «келісім презумпциясы» немесе «ықтимал келісім» деп аталады. Жалпы, заң қабылданған соң алғаш рет мәйіттен алынған дене мүшесін пайдаланып, 2012 жылы күрделі операция жасалды. Бұл отандық медицинадағы үлкен бетбұрыс деп танылғанымен қоғамда негативті көзқарас жойыла қоймады. Қазақстандағы осындай әрбір үшінші операцияға қатысатын Болатбек Баймахановтың айтуынша, елде бүйрек донорын 3 мың адам күтіп отыр. Тағы 1 мыңға жуық отандасымыз бауырын алмастыруға деген үмітін үзбей келеді.     

Айтжамал ШАҚЫТБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Дәрігерлерге барамыз ғой қабылдауға, мен сияқтылар өте көп. Мен шетелден дәрі алып өзімді ұстап отырмын, оны ала амайтын қаншама адам бар. Өте көп, менімен бір палата 5 адам жаттық, соның 4-уі о дүниелік болып кетті. Өте қорқынышты. 

Дәрігерлер мәйіт трансплантациясының тоқырауына қатысты бірнеше себепті айтып жүр. Ең бірінші - мемлекет деңгейінде қолдаудың болмауы. Құқықтық тұрғыдан мәселе туындаса, дәрігерлар қолдаусыз қалады. Олар заң аясында әрекет еткендерімен, жұрттың қарғысына да ұшырап жатыр. Ал әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралындағы негативтік ақпараттар туралы әңгіме бөлек. Қарапайым адамдардың көзқарасына теріс әсер етіп отырған басты кедергі де осы.   

Қазір Қазақстанда адам органдарының трансплантациясымен 9 ірі медициналық орталық айналысады. Барлық операциялар тегін, мемлекет бюджеті есебінен жасалады. Деректер бойынша, 2012 жылы бір ғана мәйіт доноры болған. 2013 жылы - 4, 2014 жылы - 10, ал 2015 жылы бірден 22 адамға жеткен. 2016 жылы ол - 16 болса, 2017 жылы – 11. Ал биылғы көрсеткіш - 0.   

Болатбек БАЙМАХАНОВ, А.Н. СЫЗҒАНОВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Айту керек, міне құрметті медиктер, сіздер дайын болсаңыздар, заң дайын. Біз сіздерді қорғаймыз, қандай болса да жасаңыздар, бүгіннен бастап деп. Біз сол кезде қазіргі Қазақстандағы қажеттілікті қанша адам апаттан кетіп жатыр, жабуға мүмкіндігіміз бар. Бізге, дәрігерлерге керек емес, халыққа керек.

Хирург мамандар трансплантация кезінде адам ағзаларын ұрлап, артынан оны саудалау мүмкін емес деп есептейді. Себебі пациенттің ем-домымен ондаған адам айналысады. Мәйіт доноры туралы ақпарат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тіркеуге алынады. Ендеше халық арасына таралатын жағымсыз информациядан гөрі оның маңыздылығы туралы насихатты күшейткен абзал болар еді, дейді дәрігерлер.  

- Медициналық тұрғыдан қарағанда беру керек деп ойлаймын. Себебі қаншама даам кезекте тұр, көп адамға көмегі тиеді. 2. Әрине сондай жағдай болса келісер едім. 3. Бұған насихат керек. Көптеп айта беру керек. Түптің түбінде адамдар осындай түсінікке келеді. Бұл дұрыс нәрсе

Донорлықтың бұл түріне қарсылық тудыратын бірнеше фактор бар. Бірінші кезекте діни көзқарас ерекше рөл ойнайды.  

Ерсін ӘМІРЕ, АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ НАИБ-ИМАМЫ:

Донор болатын адамның ағза мүшелерін өте көп алып, ішкі ағзалары босатып тастап, сыртқы ағзаларын алып мүгедек адамға ұқсатып қою - дұрыс емес. Себебі дінімізде мәйітке деген де өз құрметі бар. Бұл шариғат бойынша қатаң арнайы медициналық мекемеде болуы керек. Мұны қара бизнеске, көлеңкелі кәсіпке айналдыруға болмайды.  

Болатбек БАЙМАХАНОВ, А.Н. СЫЗҒАНОВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Иран трансплантация бойынша алдыңғы орында... Мұсылман дін өкілдерінің, христиан діні өкілдерінің басын өостық. Барлығы мұны сауап деп жатыр.

Егер өз органыңызды өмірден өткен соң пайдалануға қарсы болсаңыз, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, яғни ЦОН-ға барып, өсиет-хатты тіркеуге болатынын білмейтініңізге күмән жоқ. Басым көпшілік білмейді.    

Сәбина ТАУАН, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МК АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Көз жұмған соң мәйіттік донор болуға рұқсат бермеймін деген бізде бірде-бір арыз жоқ. Негізінен бұл процедуралар медициналық мекемелермен бірігіп жүргізіледі. Ол үшін "Электрондық үкімет" порталы арқылы арнайы өтінішітің үлгісі толтырлуы тиіс. Яғни қайтыс болған соң, органыма тиіспеңдер деген өсиет- хатты тіркеген адамдар әзірге бізге келген емес.   

Ұлттық хирургия орталығының жетекшісі Болатбек Баймаханов, қайтыс болған туысқанының органын алуға рұқсат бергендерге ақы төлесе жағдай өзгерер ме еді деп, есептейді. Мысалы Оңтүстік Кореяда 10 мың доллар төленеді. 

Болатбек БАЙМАХАНОВ, А.Н. СЫЗҒАНОВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

10 мың болмаса да, ақы берсе, халық басқаша қарар еді. Жаназаға ақша таппай отырғандар бар...

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Егер адам көзі тірісінде нотариалды түрде, яғни мәйіт доноры болудан жазбаша бас тартпаса, ол автоматты түрде келісім бергені деп айттық. Бұл қағида заңда шегелеп көрсетілген. Ол айла емес, ол ізгі қадам, Айтжамал сияқты мыңдаған адамға жарық сыйлайсыз, дейді мамандар. Және «ондай жағдай менің басыма тумайды» деп сеніммен айтуға болмайтынын өмір көрсетіп жүр.  

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»