Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда «Қиғаш» пен «Жайық» өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары басталды

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2018
  • 7337

Атырауда қырық жылдан бері тазаланбаған «Жайық», «Қиғаш» өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары басталды. Тартылуға шақ қалған арналардың жағдайын облыстық әкімдік зерттеп, құтқаруға қажетті қаражат бөлді. Қазір қос өзен бойынша бірнеше телімде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

Бұл - «Қиғаш» өзенінің тармағы – «Шарон» өзені. Өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері түбі тереңдетілмеген. Осының салдарынан тоғандағы су деңгейі апатты жағдайға дейін төмендепті. Тіпті, кейбір жерлерінің таяздығы 40-50 см-ге дейін азайған. Ластанып, батпаққа айналып, қоқысқа толған «Жайық», «Қиғаш» өзендерін құтқару жұмыстарын облыстық әкімдік қолға алды. 2017-2020 жылдарға арналған бағдарлама жасақтап, жұмысты бастап кетті. 

Дидар ӘЛІПОВ, АУМАҚ БАСШЫСЫ:  

Қазіргі уақытта құрылғылармен судың 3-3.20 метр тереңдігін қазудамыз. Біздің мақсат  - «Шаронның» түбін тереңдету. Жобалау бойынша тереңдігі 2,5 метр, ал ені 25 метр. Қазу жұмыстарынан кейін топырақ немесе басқа да қалдықтар әсерінен тереңдік жойылмау үшін 20-30 см тереңірек қазып жатырмыз.

Өзен суын ауыл шаруашылық мақсатына пайдаланып отырған ағайынның қуанышында шек жоқ. Болашақта жұмыс жүргізілген аумақтарды бақылайтын арнайы мекеме құрылып, тазалық қадағаланса,- дейді. 

Саясат ЗҰЛҚАРНАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:  

Бұл жұмыстар қазіргі кезде балықтың өсуіне кедергі келтірмейді. Мына балық өсуге, елді-мекенді сумен қамтуға басталған жұмысқа өте қуаныштымыз, ризамыз.

Өзен түбін тереңдетуді «Павлодар өзен порты» АҚ қолға алған. Компания басшылығы жоспарлы жұмыстарды жыл аяғына дейін аяқтаймыз,- деп отыр. 

Мақсат СӘДУАҚАСОВ, «ПАВЛОДАР ӨЗЕН ПОРТЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қиғаштағы тереңдету жұмыстарын биылғы 1 тамыздан бастадық. Осы уақытта Шортанбай ауылы бағытынан 3 шақырым, ал теңіз беттен мың метр қаздық. Тазалау жұмыстарын земснарядттармен және экскаваторлармен жүргіздік. Өйткені, өзенде қоқыс өте көп. Биыл жоспар бойынша 480 мың топырақ қазамыз.

«Қиғашпен» қатар «Жайық» өзенінде де жұмыс қызып тұр. Жыл басынан Атырау қаласындағы Еркінқала ауылы тұсынан өзеннің 6 шақырымы тереңдетілді. Жыл соңына дейін 310 мың текше метр топырақ қазылмақ. Бұл айқымды жұмыстар толығымен 2020-шы жылы аяқталуы тиіс.  

Б. Надирқызы