Русский Сайттың толық нұсқасы

Қырғызстан енгізілген эмбаргоның қашан алынатыны әлі белгісіз

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2018
  • 2907

Қырғызстан тарапынан біздің екі облыстың тауық өнімдеріне енгізілген эмбаргонын қашан алынатыны әлі белгісіз. Қазақстан ауыл шаруашылық министрлігі көрші елдің тиісті мекемлеріне құс етінің экспортына қатысты құжаттарды жөнелткен. Енді оның жауабын күтіп отырғанын айтады. Бұл елдің аумағына бізден тірі құстар, оның еті, мамығы, жұмыртқасы, құс тағамдары мен ас қоспалары жеткізіліп келген. Қазақстан тарапы мұндай әрекеттің заң аясына сыймайтынын мәлімдеп отыр. Тіпті, қырғыздың ветеринарлық және фитосанитарлық инспекциясы тыйым салу туралы алдын ала құлақтандырмапты. Ал, сала жетекшісі Өмірзақ Шүкеев қалыптасқан жағдайға «жұмыс барысында болатын мезеттік шаруа» деп баға берді.  

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРІ:

Бұл жұмыс барысында кездесетін жағдайлар деп санаймын. Дүрлігетіндей ештеңе көріп тұрған жоқпын. Әркімнің өз ішкі нарығын қорғауға қақысы бар. Бірақ, оның барлығы Еуразиялық экономикалық одақ бекіткен регламент аясында болуы тиіс еді.  

Айта кетейік, бұл текетірес барысында регламентті сақтау ережелері туралы әңгіме болған емес.  

Тұрсын ҚАБДОЛДАНОВ, ҚР АШМ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Импорттаушы тараптың шешімді өзі қабылдайтынына таласымыз жоқ. Десе де, олар тиым салудың себептерін нақты фактілермен дәлелдеп, алдын ала құлаққағыс етуге міндетті. Бірақ, Қырғызстанның салалық ведмоствосы сайттарына тиым туралы шағын ақпарат ілумен шектелген. Бұл Еуразиялық одақ комиссиясының шешіміне кереғар.  

Ауыл шаруашылық министрлігі эмбарго жариялауға ешқандай негіз болған жоқ деп есептейді. Алматы облысында құс аурулары туралы фактілердің тіркелмегеніне 10 жыл өткен. Ал, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында жарияланған «Ньюкасл» дерті туралы карантин 2018 жылдың 19 қыркүйегінде алынып тасталды. Министрлік бұл сауалдарға жауапты Тәжікстан астанасынан күтіп отыр. Осы сәтте Душанбеде екі елдің ветеринарлық инспекция басшылары кездесіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Р.  Асқарбекұлы