Русский Сайттың толық нұсқасы

Бас прокуратура Ветеринарлық бақылау комитетін тексеруі мүмкін

  • AstanaTV
  • 12 қазан 2018
  • 2575

Бас прокуратура вакцина тасымалдаушылардың құқығын бұзған Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау комитетін тексеруі тиіс. «Атамекен» палатасы кәсіпкерлер құқын қорғау және жемқорлықпен күрес кеңесінің төрағасы осындай ұсыныс енгізді. Комитет пен вакцина тасымалдаған 7 компания арасындағы дау осыдан 2 жыл бұрын басталды. Мал ауруына қарсы екпе комитеттің тапсырысымен жеткізіліп, егіледі. Бірақ, келер жылы вакцинаны тексеріп, сапасыз деп сотқа берген. Тауар тасымалдаушылар сот әртүрлі шешім қабылдағанын айтады. Ал, екпеден ешбір мал арам қатпаған. Дегенмен, Жоғарғы сот шешімі комитет пайдасына шешілген.  

Нұрлан ТУҒАМБАЕВ, ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ЖӘНЕ ТАМАҚ ҚАУІПСІЗДІГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Бірақ, шешімде былай жазылған. Заменить деген сөз бар. Ауыстыру керек деп. Оны қалай ауыстырады? Олар қолданып қойды ғой. Мен соны түсіне алмай тұрмын. Иск берген де комитет, оны қолданып алып ауыстыру керек деген де. Ауыстыратын болса вакцинаны жинап қою керек қой, қайтарып беру керек.

Енді тасымалдаушылар банкрот алдында тұрған көрінеді. Мәселеге беделіне нұқсан келген вакцина шығарушы шетелдік кәсіпорындар да араласа бастапты. Кәсіпкерлер комитет Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдердің сапа сертификаттарын пысқырмай отыр,-дейді. Тығырыққа тірелген мәселені шешу үшін жиын болғанымен, оған министрлік өкілдері келмеді. Өмірзақ Шөкеев жеке тапсырма бергенімен, комитет төрағасы іс-сапарда жүрсе керек. Мамандар мемлекеттік сатып алулар жүйесін де реттеуді, сыбайластықтан қорғауды ұсынды. Тіпті, депутаттар бұл заңды қайта қарауы тиіс деп отыр.   

Қайырбек СҮЛЕЙМЕНОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫН ҚОРҒАУ, ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Барлығыңыз кәсіпкерлер құқы бұзылғанына көз жеткіздіңіздер. Бірақ, бізде Жоғарғы соттың шешімін жою тетігі жоқ. Бұл ретте прокуратура мен қаржы полициясы да шарасыз. Дегенмен, Бас прокуратура комитетті тексеруі тиіс деген ұсыныс енгізбекпіз. Қазір адамдар қорқады, жұмыс істеу қиындап кетті. Мәселені Президент әкімшілігі мен премьер-министр кеңсесіне жеткізетін боламыз.

Г. Меңдеева