Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыл маңына мұнай қалдығын төгетін кім сонда?

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2018
  • 5297

Ақтөбе облысындағы Жаңатаң ауылының тұрғындары шығымданған, ауыл маңындағы сай-салаға мұнай қалдығы төгіледі, ауру көбейді, деп. Біздің меншікті тілшіміз мәселені қаузап көрді. Біріншіден, жалпы бізде орындалуы керек дүние бейнелеп айтқанда, «кірпік қақпай», қадағаланбаса, орындалмайды. Бұл үйреншікті құбылысқа айналған. Екіншіден, ауылда тұратындарды көмбіс, жасық көру және санаспау да кәдімгі жайт. Бақыт Рахметованың материалы.   

Бұл облыс орталығынан үш жүздей шақырымда орналасқан «Қызылбұлақ» селолық округының «Жаңатаң» деген ауылы. Кезінде Абай совхозының бір бөлімшесі болып, мал шаруашылығымен айналысып дүркіреген мекен. Қазір бұл ауылдың құты қашып, жетпіс түтін үй қалған. Мұңайған ауыл енді мұнай қалдықтарының кесірінен денсаулығымыз сыр берді, деп отыр.  

Жаңбырбай ЖОЛМҰРАТОВ, ЖАҢАТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кейде таңетең тұрғанда басым ауырып мең-зең болып тұрасың өзіңнен өзін. Бәрі шламның иісі ғой. Мал шламға барып жайылады. Іштастау көбейді. Өлі туады.

Өмірбек ӘБШЕКЕНОВ, ЖАҢАТАҢ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНЫ:

Жұрттың бәрінің шашы түсіп жатыр. Осы ауылда қасқа бас жетеді.

Мырзалы БАЙМАНОВ, ЖАҢАТАҢ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНЫ:

Сойған қойдың бауырында бір ақтаңдақ болады. Қара тастай шеміршек сияқты. Өкпеде де болады.

Халық ауылға қыр жақтан қолқа қабатын иіс келетінін айтады. Жел тұрғанда демалу мүмкін емес, үйге тығыламыз дейді.

Қуандық ҚАНАТОВ, ЖАҢАТАҢ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНЫ:

Щелоч төгіледі. Мұнай қалдығы неше түрлі. Иіс жаман. Заводтың қасынан өткенде шығады ғой иіс. Тап сондай. Халық есіктерін жауып алады. Иісі деген...

Ақажан ЖҰМАҒАЗИНА, ЖАҢАТАҢ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНЫ:

Иіс шықса үйге кіріп кетеді. Тұншығып отырамыз. Түнімен демала алмай шығамыз. Біз құсаған үлкендер. Үлкен емес жастарға қиын. Айтса, болмайды бұл дейді. Оған ешкім ештеңе айта алмайды дейді. Неге төгеді? Әуелден төктірмеу керек еді. Бізге жан керек. Қыруар бала- шағамыз отыр. Жастарға жан керек.

Інірбай БАЛЖІГІТОВ, ЖАҢАТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Құны қанша десек алпыс миллион дейді экологтар. Ол екі үй ғой оның қасында қалада сүріп жатқан жоқ па.Қашықтатпай ма?! Северный труба деген жер бар содан тасиды. Үйдің қасына әкеледі. Кезінде жеке басқа табынушылықтан, қоғамдық пікірді тыңдамастан құра салған.

Улы заттарды полигонның орнына апарып төгудің орнына осында төгеді. Сайдың бойымен Жем өзеніне құяды. Малға да, адамға да зиян.

Інірбай БАЛЖІГІТОВ, ЖАҢАТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қоқыстарын мына жерде Жарсай деген болды, бұрын база болғанғ сол жерге үйіп тастаған. Өткенде арғы бетке төккен шламды Жазықбай деген кісі көрсетіп келді. Баяғы малшылардың отырған құдықтарын толтырып тастаған.

Мұнай қалдығын сай-салаға төгетіндерді жергілікті әкімдік пен полиция қатаң қадағалауы керек. Ал ауыл тұрғындары ауданда штаттағы экологтың да жоқтығын айтып отыр.

Жандарбек ЖАҢАБАЙ, БАЙҒАНИН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кешегі жерден анықтадық. Ауыр тұрмыстық қалдықты алатын полигонға жинап алып апарып тапсырамыз. Біз анықтап көрсетіп, жою шарасын жасаймыз. Ал қайдан шыққаны мен жазалауды экология департаменті қарайды.

Ерболат КОЖИКОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Участковый полиция бар. Төгіп кетеді, бірақ инспектор қарап отырмайды ғой. Төккенін көрсе біреу, малшы ма, нөмерін жазып алу керек, акиматқа, 102-ге хабарлау керек. Солай тіркелсе біз шара қолданамыз. Өздері ауыл айналасын қарап отырмаса, біз не істей аламыз?

Мамандар мұнайдан улы күкіртті қосынды меркаптан бөлінетінін айтып отыр. Ол мөлшерден тыс болса қауіптілігі жағынан екінші классқа жатады. Өте жағымсыз иіс бөледі. Ал халық шүйліккен полигон 2011 жылы салынып, 2013 жылдан мұнай қалдығын қабылдай бастаған.  

Ерболат КОЖИКОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Нормадан тыс қалдықтарды орналастыру бойынша, паспорттары реттелмегені, барлығы бойынша айыппұл салынды. Сотқа шағымдандық. Технология бойынша бекітілген проектке келмеген соң тоқтату туралы қазір сот процесі жүріп жатыр.

Компания өкілдері болса, бес жыл бойғы қызметіміз нормаға сай дегенді айтып отыр. Олар «СНПС Ақтөбемұнайгаз», «Казахойл», «Каспий нефть» компанияларынан тек сұйық қалдықтар қабылдайтын көрінеді. -Біз полигонға сілті сұйықтығын қабылдап, оны қышқылмен араластырып залалсыздандырамыз, дейді.

Қанат ЖӘРДЕМБАЕВ, «ТАЗА ТАБИҒАТ-АН» ЖШС ЭКОЛОГЫ:

Біздің көліктің барлығына GPS орнатылған. Полигоннан шыққаннан кен орнына жеткенге дейін қарап отырамыз. Кен орнынан шыққанда бізге ТБ-никтер звондап айтады «машина шықты, қараңдар» деп, біз оны қарап отырамыз. Солға, оңға бұрылып кетсе, келген соң түсініктеме жазады.

Компания экологы полигон жолының тек 700 шақырымы тас жол екенін мойындап отыр. Қаншама жылдан бері арнайы көліктер малмен күн көріп отырған ауылдың шабындығын таптап тастаған.

Марат БІЛІМОВ, ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫ:

Бәрі жолдың жоқтығынан, әр полигон өзіне жол салу керек. Егер жол салынбаса қоршаған ортаны ластаудың бірінші әсері сол. Себебі қай жүргізуші болса да жанармайды үнемдегісі келеді, өзі шаршамау керек. Жазғытұрым, күзді күні балшықта, қыста қарды омбылап, жол жоқ жермен жүрмейді ғой. Жүргісі де келмейді. Сондықтан ол сай-салаға төгіп, өзі демалып алады, машинасын құртпайды, өзі шаршамайды. Жанармайын да үнемдейді, ал үш-төрт путевканы оформить етіп алады.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Қазіргі таңда біз түсірген мұнай қалдығын кім төккені және қашан төгілгені анықталып жатыр. Оған қатысты сараптама тағайындалған. Кінәлі анықталса, қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапқа тартылады. Ал ауылды жайлаған жағымсыз иіске қатысты ауыл тұрғындары ресми арыз жазуы керек екен. Экология департаментіндегілер сонда ғана зерттелетінін айтты...

Бақыт Рахметова, Нұркен Жалмұхан «Біздің уақыт»